2025 жылдың алғашқы алты айында Ұлттық қордың валюталық активтері біршама өсіп, маусым айының соңында 60,3 млрд долларға жетті. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 1,5 млрд долларға артқан. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлімдеді, деп жазады Dalanews.kz Kapital.kz-ға сілтеме жасап.
Оның айтуынша, активтердің өсуіне әлемдік қаржы нарығындағы жағымды өзгерістер ықпал еткен. Нақтырақ айтқанда, жаһандық экономика қалпына келіп, инфляция біршама бәсеңдеген. Сонымен бірге көптеген елдердің ақша-кредит саясатын жұмсартуы да оң әсерін тигізген.
"Әрине, нарықта біршама тұрақсыздық та болды. Әсіресе, сәуір айында АҚШ президенті Дональд Трамп сауда тарифтерін енгізген кезде қаржы нарығы қысқа мерзімге құлдырап кетті. Алайда сауда келіссөздері туралы хабарлар мен АҚШ әкімшілігінің мәлімдемелерінен кейін нарық тез қалпына келді", – деді Молдабекова.
Нәтижесінде, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі алғашқы жарты жылда 4,7 млрд долларды немесе 7,8%-ды құрады.
Қай активтерден көбірек пайда түсті?
Ұлттық қор портфеліндегі ең табысты активтер – жаһандық акциялар. Корпоративтік сектордағы жоғары табыстылық, еңбек өнімділігінің артуы және цифрлық технология мен жасанды интеллектті енгізу нәтижесінде технологиялық компаниялардың акцияларының құны айтарлықтай өскен. Осылайша, Ұлттық қордың акциялар портфелі жарты жылда 1,9 млрд долларға, яғни 9,8%-ға ұлғайды.
Сонымен бірге, дамыған елдердің мемлекеттік облигациялары бойынша портфель де табысты болып, 1 млрд долларға (6,7%-ға) өскен. Бұған инфляцияның төмендеуі және орталық банктердің негізгі пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі туралы болжамдар себеп болды. Дамыған елдер валюталарының долларға қатысты нығаюы да осы актив түрлерінің табыстылығын арттырған.
Алтын тағы да рекорд орнатты
Алтын бағасы алғашқы жарты жылда тарихи рекорд орнатып, троя унциясының құны 3400 доллардан асты. Бұған әлемдегі геосаяси шиеленіс, АҚШ-тағы пайыздық мөлшерлемелердің төмендеу мүмкіндігі және доллардың әлсіреуі ықпал етті. Сондай-ақ, дамушы елдердің орталық банктері алтын сатып алуды күшейтіп, өз резервтеріндегі алтынның үлесін арттыруда. Қазақстан Ұлттық банкі де бұл трендті ұстанып, алтынның үлесін алтын-валюта резервтерінде 62%-ға жеткізіп, әлемдік көшбасшылардың біріне айналды.
Айта кетерлігі, Ұлттық банк ақпан айында геосаяси жағдайдың күрделенуіне байланысты алтын сатуды тоқтатқан болатын. Осы шешімнің нәтижесінде алтын портфелінің құны жарты жыл ішінде 800 млн долларға, яғни 25,5%-ға артты.
Дамушы нарықтар мен корпоративтік облигациялар
Ұлттық қордың дамушы елдердің нарықтарына салынған инвестициялары 600 млн долларға немесе 5,7%-ға өсті. Бұған әлемдік сауданың қалпына келуі, шикізат бағасының тұрақталуы және инвесторлардың тәуекелге тәбетінің артуы себеп болған.
Корпоративтік облигациялар портфелі де 400 млн долларға немесе 8,4%-ға ұлғайған. Мұның негізгі себебі – несиелік спредтердің қысқаруы және орталық банктердің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі туралы болжамдар.
Трансферттер және бюджеттік түсімдер
Әлия Молдабекованың айтуынша, Ұлттық қордан республикалық бюджетке бірінші жартыжылдықта 3,12 трлн теңге көлемінде трансферт жасалды. Ал мұнай секторынан қорға түскен қаражат 1,8 трлн теңгені құрады. Бюджеттік трансферттерді қамтамасыз ету үшін ішкі нарықта 4,95 млрд доллар конвертацияланды.
Осыған қарамастан, Ұлттық қордың активтерінің жалпы өсімі негізінен тиімді басқару есебінен алынған инвестициялық кірістің арқасында қамтамасыз етілді.
"Жалпы алғанда, Ұлттық қордың инвестицияларды әртараптандыруға негізделген стратегиясы өз тиімділігін дәлелдеді. Біз нарықтағы жағдайдың өзгеруіне қарай икемді әрекет етуге тырыстық. Соның нәтижесінде активтеріміздің көлемін сақтап қана қоймай, айтарлықтай өсімге қол жеткіздік", – деп сөзін түйіндейді Ұлттық банк өкілі.