Президент Тоқаевтың тапсырмасы бойынша салына бастаған көпірдің ұзындығы 1300 метрді құрап, ені 10 метрге дейін жетпек.
Көпір құрылысы 2024 жылдың аяғында тәмәмдалып, ШҚО тұрғындарының игілігіне беріледі. Құрылысқа жауапты "Шығыс Жол" ЖШС-ы көпір салып әбден машықтанған, тәжірибесі мол компанияның бірі.
Жоба құрылысы өз мәресіне жетіп, қолданысқа берілген күні ШҚО-дағы үш бірдей ірі аудан, атап айтсақ - Зайсан, Күршім және Тарбағатай аудандарының екінші тынысы ашылады.
Аудан тұрғындары бұрынғыдай паромға тәуелді болмайды, Бұқтырманы басып өтуге ауа райы да кедергі келтіре алмайды.
"Шығыс Жол" компаниясы директорының орынбасары Нығматулла Әбділхақовтың айтуынша
көпір тәулігіне 20 мың көлікті емін-еркін өткізетін мүмкіндікке ие болмақ, мұнымен қатар ұзындығы 20 шақырымнан асып жығылатын жолайырықтар да салынып жатқаны жайы бар.
"Тұрғындар көпір арқылы еш кедергісіз қатынайды. Нысан ауа райының қолайсыздығы мен маусымдық өзгерістерге төтеп береді. Құрылысқа арнайы сынақтан өткен сапалы металл мен бетонды пайдалану үстіндеміз, көпірдің тіректері 40 метрге дейінгі тереңдікте орналасқан, сондықтан алаңдауға себеп жоқ", – дейді компания өкілі.
Әзір мұндай бетон діңгектердің 9-ы орнатылып қойған, құрылыс барысында барлығы 21 тірек орнатылады. Құрылыс Бұқтырманың қос қапталынан бір мезетте жүргізіліп жатыр, аймақ үшін стратегиялық нысандардың есебіне енетін көпір тиісті деңгейдегі күзетпен де қамтамасыз етіледі.
Екі жолақты көпірдің ені, ілгеріде айтқандай 10 метрді құрайды. Қар мен жаңбыр суының жиналуына жол бермейтін арнайы каналдар да қарастырылған.
Қазір құрылыс басында 280 жұмысшы жүр, күні-түні тынбай, қызу жүріп жатқан жұмыстың қарқыны жоғары. Жұмысшылардың басым көпшілігі іргедегі аудан тұрғындары. Ауқымды жоба уақытша болса да жаңа жұмыс орындарын құруға жәрдемдескен.
Екі ауысыммен жұмыс істейтін қауымның жағдайын ойлаған құрылыс компаниясы көпірдің бүйірінен вагондардан тұратын вахталы ауыл тұрғызыпты.
Күршім ауданына ат басын тіреген аймақ басшысы Даниал Ахметов құрылыс басына басып, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстың жай-жапсарымен танысып қайтты.
Әкім көпір құрылысының тиімділігін сөз етіп, ауқымды жобаның арқасында аймақтағы алыс-беріс пен барыс-келіске жан бітетінін айтты. Бұл өз кезегінде қызмет түрлері мен тауар бағасының арзандауына себепкер болады.
Көпір аймақтың туризміне оң ықпал етіп, кәсіпкерлік пен өндірістің дамуына жол ашады.
Ал жергілікті халықтың қуанышында шек жоқ. Осы күнге дейін облыс орталығына қатынаудан қиындық көріп келген Зайсан, Күршім және Тарбағатай тұрғындары көпірдің қолданысқа берілер сәтін тағатсыздана күтуде. Көпір іске қосылса, аталған аудандарға түрлі тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер де бағаны түсіруге уәде еткен.
Осынау жоба Марқакөл мен Маралдының туристік потенциалын жаңа қырынан танытып, жаңа жұмыс орындарын құруға ұйытқы болады деген сенімдеміз.