БЖЗҚ-ның инвестициялық табыс көрсеткіші минустан шықты, бірақ...

Кәмшат Тілеухан 24 шіл. 2025 09:52

2025 жылдың алты айының қортындысы бойынша БЖЗҚ табысы жағынан алғаш рет минустан шықты. Алайда, әзірге БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстылығы жыл басынан бері жинақталған инфляция көлемін өтеуге келгенде қауқарсыз, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Банктің инвестициялық қызметіне жүргізілген талдауға сүйенсек, БЖЗҚ зейнетақы активтерінің кірістілігі 2025 жылдың алты айында плюске шығып, жыл басынан бастап шілде айына дейін есептелген инвестициялық табыс мөлшері 370,99 млрд теңгені құрады.

Кіріс көрсеткіші жыл басынан бері 1,51% (бір ай бұрын – минус 0,69%) құрады, бірақ оның, әзірге жыл басынан бері жинақталған инфляцияны (шамамен 7%) жабуға шамасы келмейді. 

Соңғы 12 айда есептелген инвестициялық кірістің мөлшері шамамен 2,53 трлн теңгені құрады, осы кезеңдегі кірістілік 11,8% инфляция кезінде 12,22% болды.

"Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды басқару тиімділігінің көрсеткіші болып табылмайды, өйткені қаржы құралдары және қысқа уақыт ішінде есептелген басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер әрқашан осы кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдары құнының ауытқуынан туындайтын айырманы жаба бермейді. Сондықтан инвестициялық табыс мөлшерін объективті талдау үшін кем дегенде бір жыл ішіндегі есеп-қисаптар керек болады", - дейді БЖЗҚ-дағыдар.

 1 шілдедегі жағдай бойынша Ұлттық Банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің сомасы 23,47 трлн теңгені құрады.

Бұған дейін сайтымызда "Зейнетақы активтерінің инвесттабысын "жеп жатқан" не нәрсе немесе кім?" деген мақала жарияланған болатын.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар