Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты көпшіліктің пікірі әртүрлі. Тақырыпты зерттеп-зерделеген ғалымдар қазіргі бірыңғай уақыт белдеуінің денсаулыққа кері әсері жоғына дәлел-дәйек келтірсе, кейбір өңірдің тұрғындары кештің ерте бататынына алаңдайды.
2024 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстанның барлық аймағы бірыңғай уақыт белдеуіне көшті. Қызу тіршілік енді UTC+6 емес, UTC+5 уақытымен жалғасып жатыр. Бұл шешімді қабылдаған Үкіметтің жұмыс тобы мәселені жан-жақты зерттеп, ортақ шешімге келгенін мәлімдеді. Алайда мамыр айында жаңа уақыт белдеуіне қарсы шыққан тұрғындар петиция жариялап, бұрынғы уақытқа оралуға шақырды. Тамызда бұл талап мемлекеттік органдар тарапынан қолдау таппады.
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, UTC+5 белдеуіне көшу табиғи күн циклі мен елдің географиялық жағдайына сай келеді, биологиялық ырғаққа, денсаулыққа жақсы әсер етеді. Жақында Сауда және интеграция министрлігі UTC+5 белдеуінде қалу керектігін, уақыттың өзгеруі денсаулыққа, электр энергиясының шығынына әсер етпегенін мәлім етті. Биыл жыл басынан бері адам басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну көлемі былтырмен салыстырғанда төмендегені байқалған. Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев UTC+5 белдеуі ел тұрғындарына ең оңтайлы жағдай екенін атап өтті.
"1930-1931 жылдары ел аумағының көп бөлігі бесінші уақыт белдеуінде болғанына қарамастан, UTC+6 белдеуі декреттік уақытты пайдалану арқылы енгізілді. Жалпы, кеңестік кезеңде елімізде командалық-жоспарлы экономика мүддесі үшін табиғи уақыт белдеуі бұйрық тәртібімен сегіз рет өзгерді. Нәтижесінде, табиғи циклге сәйкес келмейтін уақыт белдеулерінде тұрдық. Сол тұрғыда UTC+5 елімізге жаңа белдеу немесе тың тәжірибе емес, шын мәнінде тарихи негізделген уақытқа оралу", деді министр.
Уақыт белдеуіне қатысты деректерді зерттеп жүрген қолданбалы хронобиология маманы Болат Нұрқожаев уақыт тек таңның атуы, күннің батуымен өлшенбейтінін айтады. Себебі күн мен түннің ұзақтығы табиғи құбылыс, жыл бойы алмасып, өзгеріске ұшырайды.
"Біз күн мен түннің жиілігіне сағат тілін қанша жылжытсақ та араласа алмаймыз. Сондықтан уақыт өлшемі таңның атуымен тіршілік етуге тиіс. Яғни таңертең күн жарық, кеште қараңғылау болғаны адамға физиологиялық жағынан тиімді әрі тұрмыс-тіршілікке қолайлы. Бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты дәлел-дәйексіз әңгімелер айтылып жүр. Субъективті пікір көп. Соның бірі – елдің шығысындағы облыстар елдің батысындағы уақытқа ауысты деп қате ойлайтындар бар. Анығында олай емес, Шығыс Қазақстан облысындағы өлкелер өзінің әуелдегі уақыттық белдеуіне қайтарылды. Шынтуайтына келгенде, жұрттың көбі кешқұрым күн жарық болғанын қалайды. Жаздыгүні серуендеп, уақыт өткізгісі келеді. Бірақ кеш ұйықтаудың ағзаға зиян екенін түсінбейді. Басқа-басқа, балалардың денсаулығына таң атқаннан кейін барып ұйқыдан ояну маңызды. Мұны ойдан шығарып отырғанымыз жоқ, медицина солай дейді. Түннің ерте келуі адамдарды ерте жатуға, ерте тұруға қалыптастырады. Біз бұрын содан ауытқып кеткен едік, қазір барлығы қалпына келіп отыр", – дейді ол.
Б.Нұрқожаев көпшіліктің "балалар сабақтан қас қарая қайтады" деген пікіріне қатысты да өз ойын айтты.
"Балалардың сабағы сегізде басталса, ересектер жұмысқа тоғызда барады. Ересектердің өзіне сегізде жұмысқа бару қиын. Қазіргі UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуінде сабаққа сегізде барып жүрген балалар бұрын таңғы жетіде баратын. Жетіде сабаққа бару үшін олар шамамен 6.00-де немесе 5.30-да оянып келген. Яғни балалар физиологиялық тұрғыда қанша ерте жатса да ерте ояна қоюы қиын. Уақыт белдеуінің әр аймақта әртүрлі болуы денсаулыққа зиян екені дәлелденген. Сондықтан біз қалай дегенде де табиғаттың уақытына бейімделуіміз керек", – деп түйіндеді Б. Нұрқожаев.
Генетика және физиология институтының ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Асқар Қалекешов табиғи уақыт белдеуінде кеш ерте бататынын айтады. Ол қазір "Мектеп оқушыларының психофизиологиялық жағдайына әкімшілік уақыт пен әлеуметтік факторлардың әсері" деген жоба аясында тақырыпты терең зерттеуге кіріскен.
"Атырауда 7.45-те дала тас қараңғы. Балалар сол уақытта сабаққа кетіп барады. Алматыда дәл осы уақытта балалар күннің жарығымен мектепке барады. Ал кештің батуы қай жерде де табиғи уақыттан ерте жүреді. Мысалы, Аустрия, Мажарстанда 16.30-да қараңғы түседі. Бізде, өкінішке қарай, мұны көбі ұғына бермейді. Жалпы, елдің шығысы UTC+6 уақыт белдеуінде жатыр. Онда тұрғындардың саны аз. Елдің орталығына дейінгі аймақтар UTC +5, орталықтан батысқа дейінгі аралық UTC +4, Орал қаласының бірнеше ауылы UTC+3 уақыт белдеуінде жатыр. Тіпті болмаса, кеші тым ерте бататын аймақтарда жұмыс уақытын бір сағат, жарты сағатқа алмастыруға болады. Мысалы, Шығыс Қазақстандағы кейбір ауылдарда күнделікті шаруаны ерте, ал Батыс Қазақстанда кеш бастауға жергілікті әкімдікпен келісіп отырып мүмкіндік берсе шығыстағы кейбір ауылдың тұрғындары жұмысқа сегізде барып, бесте қайтар еді. Ал басқа өңірлер өзінің табиғи уақыт белдеуінде жатыр", – дейді Асқар Қалекешов.
"Amanat" партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен фракцияның кеңейтілген отырысында бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты ғылыми зерттеу жұмысын келер жылғы наурызға дейін аяқтауды ұсынды. Мәжіліс спикері уақыт белдеуін өзгерту қоғамда жиі талқыланатын тақырыптың бірі болған соң, шешімді алдын ала егжей-тегжей талдап, талқылап барып қабылдау керегін айтты. Қазірде зерттеу жұмыстары мен ақпараттандыру саясаты қатар жүріп жатыр. Біз де ғалымдар, мамандар тиімділігін растаған бірыңғай уақыт белдеуі барлық жағынан ыңғайлы болса екен дейміз.