Базалық мөлшерлемені асыра өсіруге не түрткі? Мамандар бұл сауалға жауап таба алмай, аң-таң

Кәмшат Тілеухан 11 нау. 2025 16:11 552

2025 жылы 7 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме деңгейін 15,25 пайыздан 16,50 пайызға дейін бір-ақ өсірді. Мұндайды бір де бір қаржылық сараптама орталығы өз болжамдарында айтпады. Әрі кеткенде 100 базистік пункт туралы сөз болған, ал көбісі, тіпті базалық мөлшерлемені 50 базистік пунктке көтеру орынды деп тапқан. Ұлттық Банк мұндай өсімге не түрткі екенін жариялап, себептер тізімін де атаған. Алайда кейбір сарапшылардың оған көңілі толмай отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Halyk Finance аға сарапшысы Мәдина Қабжалалова базалық мөлшерлеме бойынша Ұлттық Банктің 125 базистік пунктке секіріс жасайтындай нақты, толыққанды факторларды байқай алмай отырғандарын айтады. Бұл туралы маман 24kz порталының "Дневная смена" бағдарламасына берген сұқбатында айтты.

"Базалық мөлшерлеме деңгейін көтеруде күтілетін басты нәрсе – тұтынушылық сұраныс көлемін шектеу. Яғни, адамдардың аз ақша жұмсауын ынталандыру арқылы баға өсімін ауыздықтау көзделеді. Біз ақпан айындағы инфляция өсіміне сүйене отырып, "Ұлттық банк базалық мөлшерлемені әрі кеткенде 25-50 базистік пунктке көтереді" деп болжаған болатынбыз. Бірақ, өздеріңіз көріп отырғандарыңыздай, Ұлттық банк 125 базистік пунктке секіріс жасады. Орталық банк таратқан түсініктемелерді қарай отырып, біз одан осынша деңгейге секіріс жасайтындай нақты, толыққанды факторды байқай алмадық. Біріншіден, фискальды саясаттың қысымы күшейгені алға тартылады. Біз мұнымен келісеміз. Біздің еліміз циклді кезеңдерді қамтитын фискальды саясатқа сүйенеді. Яғни, мұндайда мемлекеттік шығындар баға өсіміне, инфляцияға қатты әсер етеді. Әрине, бұл ретте шектеу шаралары керек, контрциклді саясат жүргізу қажет. Ұлттық банктің бұл мәселені қаузап отыруы орынды, алайда бұл бағытта біз қандай да бір өзгерістерді байқап отырғанымыз жоқ. Мемлекеттік шығын жоғары қарқынмен жылдан жылға өскеннің үстіне өсіп жатыр. Екіншіден, жанар-жағармай бағалары өсімі туралы айтылды. Бұл жария жүргізіліп отырған шараның бірі. Жыл бойында айына 4-5 пайыздан бағада өсім болатыны белгілі. Үшіншіден, коммунальдық төлемдер. Расында, тарифтер тоқтаусыз өсіп жатыр, бірақ базалық мөлшерлемеге оның еш қатысы жоқ. Төртіншіден, Ресейдегі қымбатшылық туралы айтылыпты. Оның бізге не қатысы бар деймін? Арадағы шектеулі тауар айналымы бағаларға еселеп әсер етеді дегенге негіз жоқ қой... Бесіншіден, тұтынушылық несие. Бұл да керемет жаңалық емес. Ол жылдан жылға өсе береді. Инфляция алды күтулер туралы да сөз болды... Бір сөзбен айтқанда, бұл арада базалық мөлшерлемені 125 базистік пунктке көтеретіндей біз нақты әрі толыққанды факторды көріп отырғанымыз жоқ", - деді ол өз сұқбатында.

Бұл сауалға ҚР Ұлттық Банктің Ақша-несие саясаты жөніндегі комитеттің мүшесі Рүстем Оразалин жауап беруге тырысып көрді.

Оның айтуынша, бұлайша базалық мөлшерлемені көтеру алдағы тәуекелдерді ескере отырып, алдын ала жасалған қадам.

"Бұл арада Ұлттық банк инфляцияны реттеп, оны басқаруды мақсат етеді. Ал инфляция жылдық сипатта таргеттеледі. Иә, жылдық инфляция көптеген мәліметтерді бере алады. Ал айлық инфляция біздің таргеттіміз бойынша қалай жылжиды, ол жағы беймәлім ғой. Маңыздысы осы арасы. Яғни, базалық мөлшерлемені біз алдағы болжамдарды ескере отырып, көтердік", - дейді ол.

Айта кетсек, 7 наурызда Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені бірден 125 базистік пунктке бір-ақ көтерді. Мұндайды бір де бір қаржылық сарапатама орталығы болжай алмады. Болжамдарда 100 базистік пункт туралы сөз болған, ал көбісі базалық мөлшерлемені 50 базистік пунктке көтеру орынды деп тапқан. Сондай-ақ осы тақырыпқа қатысты сайтымызда "Қаржыгер-маман алдағы екі жыл халық пен бизнеске қиын тиетінін болжады" деген материал жарияланды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар