Dalanews.kz сөй деп жорамал жасаған Washington Post мақаласын оқырман назарына ұсынады.
Мұның негізгі себебі – Қытай Ресейдің Қиыр Шығысын өз аумағы деп санайды. Кремль Америкадан бұрын Бейжіңді ойласын. Бізге қарағанда Қытай саясаты әлдеқайда қауіпті. Қауіпті деуіміз жеңіл айтылған, қатерлі. Әзір әмпей-жәмпейі бір боп көрінгенмен, кейін келе күрт құбылып, Мәскеуді тұқыртуға тырысады. Ресей территориясына сұқтанатын болады…”, – дейді мақала авторы Айзек Фиш.
“Қазір екі елдің жұбы жазылмай жүр. Түнеукүні Қытай дипломаты Ян Цзечи Мәскеуге арнайылап келіп, екі елдің арасындағы алыс-барыс, барыс-келіс бұрын соңды болмаған деңгейге жеткенін айтып кетті.
Президент Путин де оның сөзін қостап, Ресей мен Қытай арасынан қыл өтпес досқа айналғанын, бұған дейінгі келіспеушіліктер келмеске кеткенін мәлім етті.
Соның алдында Қытай басшысы Си Цзинпьин Путинді “жан досым” деп атап, Кремльге жылышырай білдірген еді.
Соған қарағанда Мәскеу Қытайдың арбауына түсіп қалғандай. Бұл риториканың астарында “АҚШ-қа қарсы бірігіп күресейік” деген ұстаным жатыр деп тұжырымдаса, қатты қателеседі.
Анығы, қауіп бізден емес, Қытайдан…”, – дейді Washington Post.
Мақала авторы Бейжіңді үйірсіктеп жүрген Мәскеу кейін келе Филиппин, Бутан, Үндістан сияқты елдердің кебін киюі мүмкін деп болжайды.
Қытайлықтардың арасында Ресейдің шекаралас аймақтарын өз территориясы санайтын ауқымды аудитория бар.
Бір кездері Орта Азияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Кремль қазіргі аймақтағы ықпалынан айырылған. Оның орнын Қытай алмастырған. Аймақтағы Ресейдің саяси-экономикалық ықпалы жыл өткен сайын әлсіреп келеді.
“Бейжің бірте-бірте Мәскеуді бас еркіндігінен айырады. Ресейдің қазба байлыққа бөгіп жатқан ұлан-ғайыр аумағы Қытайды қызықтырып отыр.
Ресейліктердің көпшілігі Қытайдың Сібірге сұқтанып, аталған аймақты белсенді игеруге көшкеніне алаңдаулы екенін жасырмайды. Ал қытайлықтардың пайымында Ресейдің шығыс бөлігі әлімсақтан Бейжіңге тиесілі.
Қытай халқы 1858-1860 жылғы келісімді ұмыта қойған жоқ. Бұған сай Байкал көлінің маңындағы біраз территория Ресейге өтіп кеткен болатын. Қытайлық блогерлер қазір осы тақырыпты қайта қозғап, өткен күннің есесін қайтаруға тырысуда. Әлбетте олардың артынан ілесуге әзір үлкен аудитория бар.
“Гонконг пен Макаоны қоластымызға қайта қостық. Сол сияқты Қиыр Шығысты қайтаруға не кедергі?!” – деген блогер Ян Цзайю осындай ұстанымдағы аудиторияның сөзін сөйлеп отыр.
Ал Қиыр Шығыста тұратын ресейліктер өңірге жаппай қоныс аударып жатқан қытайлықтардан сезіктенеді. Олардың келісінен қауіп күтеді. Жүздеген, мыңдаған адамнан құралған қытай контингенті қалыптасса, ертеңгі күні үлкен даудың тұтанарын күні бұрын болжап, біліп отыр...”, – дейді Айзек Фиш мырза.
Оның пікірінше бұл аймақтағы тұрғындар қытаймен істі болған, қытайдың болмыс-бітімін, мақсат-мұратын беске біледі. Жер дегенде төңірегін түгел ұмытатын жаман мінезі барын бұрыннан аңғарған.
Washington Post бұл арада Қытаймен шектесетін Еврей автономды облысы губернаторының пікірін алға тартқан екен. Аймақ басшысы өз сөзінде өңірдің 80 пайыз территориясын Қытай кәсіпкерлері игеріп отырғанын, осыншама аумақ қытайлардың иелігіне өтіп кеткенін мәлімдеген еді.
“Қытайлардың басым көпшілігі Ресейді жақын тартпайды. Қырғи-қабақ соғыс жылдары КСРО-дан қысым көргені жадынан өше қойған жоқ. Бейжіңнің сыртқы саясаттағы стратегиясы алдағы жылдары күрт құбылып, Мәскеуді тырп еткізбей тастауы мүмкін. Кремль Орта Азиядан айырылып қалғанын мойындағысы жоқ. Қытай аталған аймақтың ең ірі сауда серіктесі. Ресеймен жағаласып тәжік жерінде өзінің әскери базасын орналастырып қойды. Онысын көзден тасалауға тырысқанмен, бәрібір білініп қалды.
Бейжің мен Кремльдің арақатынасында Ресей екінші рөлде. Қытай Ресейдің ең ірі сауда серіктесі. Ресейдің Қытай экономикасындағы үлесі тым мардымсыз, тіпті алдыңғы ондыққа да кірмейді. Бәлкім әскери салада асып түсерлік әлеуеті де бар шығар. Бірақ Бейжіңнің кез-келген дүниені көшіріп басатын қабілеті барын ұмытпау қажет.
Қазірдің өзінде Ресейдің әскери техникасын айнытпай қайталап, өз атынан өндіріске шығаруда. Мәскеу бұған тежеу сала алмай отыр”, – дейді Washington Post.
Мақала авторының пайымдауынша әне-міне Женевада жүздескелі отырған Байден мен Путиннің кездесуінде АҚШ- президенті осы мәселені сөз етіп, Ресей президентіне Қытаймен алыстан араласуға кеңес беруі мүмкін.
Аяулым ШАЙМАРДАН