"Батырдың ұрпағы". Тоқаев пен Макронның ортасында суретке түскен қыз кім?

Сағыныш Сардарова 07 қар. 2024 14:43 5849

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға сапарынан түрлі сурет-видео жарияланды. Парижге барған танымалдар арасында Димаш Құдайберген, Елдос Сметов, Давид Дягтерев, Ақмарал Науатбек бар.

Ulysmedia.kz Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция президенті Эмманюэль Макронның ортасында суретке түскен Париждегі қандасымыз кім екенін анықтаған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Басылым дерегіне сүйенсек, суреттегі бойжеткен – Францияның Крей қаласы мэрінің орынбасары, қазақ қызы Иешім Мақмұдқызы Саваш. Есім 1993 жылы Парижде дүниеге келген. Оның әке-шешесі Түркияда тұрып, кейін Францияға көшкен.

Есім Саваштың аталары Қытайдың Алтай аймағында өмір сүрген. Өзі - ХХ ғасырдың басында қытайға қарсы соғысқан әйгілі Зуқа батырдың жиені. 

Есімнің мамандығы - мұғалім және экономист. 18 жасынан бастап саясатта. Бұған дейінгі сұхбаттарында Марокконың Дахла қаласында жастардың сапалы өмір сүруі үшін күрескен қозғалысқа атсалысқанын айтқан.

Мен – тағдыр тәлкегімен атажұртынан аласталған қазақтың ұрпағымын. Аталарым ХХ ғасырдың ортасында Анадолы жеріне қоныстанған. Өзім  Францияда дүниеге келдім, балалық шағым Париж аймағында өтті. Менің 13 жасымда Крейге көшіп келдік.  Лицейді бітірген соң Технология инстутында жергілікті өзін-өзі басқару мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін,  кейін Ұлттық жоғары біліктілік және білім беру институтында (Institut National Supérieur du Professorat et de l’Éducation) білім магистрі дәрежесін тәмамдадым, – дейді сұхбаттарының бірінде Есім.

Есім 2021 жылы Париж аймағының Крей қаласының орынбасары болып сайланған. Оның алдында мэрдің мәдениет жөніндегі орынбасары болған.

“Мен саясатқа жаңа тыныс, серпін бергім келді. Мен өз жобаларымнан жастардың өзін-өзі тани білгенін, қажет дүниелерді білгенін қалаймын” дейді ол.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев президент Эмманюэль Макронның шақыруымен 4-5 қараша күндері Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барды. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар