Бас мүфти республикалық бас мешітте Құрбан айт намазын жүргізді

Кәмшат Тілеухан 06 мау. 2025 09:42

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы республикалық бас мешітте айт намазын жүргізіп, жамағатқа уағыз айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Алла Тағала пенделерінің ізгілік амал атқарып, көбірек сауап істер жасауы үшін кейбір күндер мен түндерді басқаларынан артық етіп қойды. Сондай мұсылман баласының Жаратушысының кешіріміне бөленуге тырысып, ізгі амалдарға ерекше ынта танытуы қажет уақыттың бірі – осы Құрбан айт мерекесінің кезеңі. Бұл ай мұсылман күнтізбесінде зұлхижжа айы деп аталады. Зұлхижжа айы мұсылмандар үшін аса құрметті де және ардақты айлардың бірі. Бұл айдың алғашқы он күнінде жасалатын ғибадаттардың қадірі өте жоғары. Алла Тағала қасиетті Құранның "Фәжр" сүресінің алғашқы екі аятында: "Таң шапағына серт. Және (мүбәрәк) он түнге серт", – деп айтқан. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) зулхижжа айының алғашқы он күні жайында: "Алла Тағалаға осы (он) күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ" (имам Бұхари)", - деп атап өтті Наурызбай қажы Тағанұлы.

Айт намазынан кейін Бас мүфти еліміздің тыныштығы мен болашағы үшін дұға жасап, ата-бабалар рухына Құран аяттарын бағыштады.

Айта кетсек, Құрбан айт намазы еліміздің әр өңірінде таңғы сағат 06-00 мен 07-00 арасында оқылды. Мәселен, Астанада айт намазы сағат 06-00-ге келсе, ал батыс өңірлерде ол 06-30, ШҚО мен Абай облысында 07-00-де оқылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар