"Әлі күнге дейін жазаны мойындап тұрған жоқ" - Шерзаттың әпкесі

Сағыныш Сардарова 05 мау. 2025 17:27

Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Перизат Нұрымова сот үкімі шыққаннан кейін БАҚ өкілдеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ол сотталушылар әлі күнге өкініш білдірмегенін айтты.

"Сот біткеннің өзінде де ата-аналары да бізге атылып, сотталушылар да терезелерін ұрып, қоқан-лоқы көрсетіп, "біз шықпаймыз деп ойлайсыздар ма?" деп тұрып ым-ишарамен көрсетіп, ауызбен де айтып кетті. Болашақта кім болса да ата-ана бала-шағасына уайымдайды. Бұл кісілер әлі күнге дейін жазаны мойындап тұрған жоқ. Істеген нәрсені  де мойындап тұрған жоқ. Өкініш те жоқ. Бізге күліп қарап тұрғаны, ым-ишара көрсетіп тұрғаны ешқандай өкінішті білдіртпейді деп ойлаймын. Бұл - тікелей біздің өмірімізге қоқан-лоқы жасауы. Қорғаушыларға да сол нәрсені жасап тұр. ...Балалары (сотталушылар - еск.) терезені шақпақ болды. Арнайы жасақ қызметтері дер кезінде бізді алып кетті", - деді ол.

Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?

Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.

Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.

Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті. 

Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар