Ақтөбеде бес қабатты тұрғын үйдегі газдың атылуына не себеп болғаны тексеріліп жатыр. Үш подъездегі 45 пәтердің тұрғындарын шаңырағына әзірге жолатпауда. Себебі жарылыстан жоғары қабаттардың арасындағы плита құлап, алты баспананың қабырғасы қақыраған. Ал жарылыс болған пәтердің иесі қаза тапқан, деп хабарлайды Dalanews.kz.
КТК телеарнасының хабарлауынша, Ақтөбенің қақ ортасында орналасқан бес қабаты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде 4 маусымда кешке газ жарылды. Баспанасына күрделі жөндеу жүргізбек болған сол шаңырақтың 36 жастағы иесі қаза тапты. Пәтерін жөндеп жатқан марқұм "газ баллонын қолдануы мүмкін" деген болжам бар.
Ал көршілері үрейден әлі сейіле алмай, аман қалғанына шүкір айтып отыр. Сәбила Тіржанова:
"Жарылыс болғанда мен ас үйде болдым. Тарс еткен дыбыстан шошып кеттім. Шығып сұрайын десем, есік ашылған жоқ, терезеге барып айқайлаймын. Адам толып тұр. "Не болды? Мен шыға алмай жатырмын" дедім. Сосын көршілерге айқайласам, олар дауыстап жылап жатыр".
Жарылыс күшінің мықты болғаны соншалық, қарсы беттегі көрші үйлердің де терезесі шытынап, ауладағы көліктерге зақым келген. Үйді толық зерттеп болмайынша, 45 пәтердің тұрғындары үйіне кіре алмайды. Жарылыс болған подъездегі пәтерлер онсыз да тұруға келмейді. Әкімдік уақытша тұруға жатақхана берген. Онда тек 11 адам түнеп шығыпты. Қалғаны туыстарына кеткен.
Жақсылық Таңатаров, Ақтөбе қаласы отбасын қолдау орталығының басшысы:
"Түнгі 11 шамасында өрт болған үйдің отбасыларын, 11 адамды жатақханаға орналастырдық. Қазір жағдайы жақсы. Түнде осы жерде кезекшілер, мейірбикелер, дәрігерлер болды. Тамағы, қажет құрал жабдық берілді. Қалғаны түнде туыстарына кетті".
Шаңырағының қабырғасы опырылып, төбесі ортасына түскен тұрғындар енді "далада қаламыз ба" деп қорқып отыр