Freedom Inside '26

Израиль Ливаннан әскерін шығару жоспарын кейінге қалдырды

Израиль Ливаннан әскерін шығару жоспарын кейінге қалдырды
Getty Images

Израиль билігі Ливанның оңтүстігіндегі екі пилоттық аймақтан әскерін шығару мерзімін кейінге шегеру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Израильдің KAN мемлекеттік телеарнасына сілтеме жасап, шетелдік БАҚ хабарлады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мәліметке сәйкес, өткен аптаның соңында өткен Ливан мен Израиль арасындағы келіссөздердің қорытындысы бойынша тараптар әскерді шығару мерзімін кейінірек уақытқа ауыстыруға келіскен. Осылайша, Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі Завтар және Фаррун аудандарынан әзірге шығарылмайды.

Себебі неде?

Израиль бұл шешімді атысты тоқтату режимінің сақталуын бақылайтын бірлескен бақылау тетігі құрылмайынша әскерді шығаруға болмайтынымен түсіндірді. Аталған механизм АҚШ-тың қатысуымен Ливан және Израиль арасында келісіліп жасалуы тиіс.

Әзірге әскердің нақты қашан шығарылатыны белгісіз. Израиль тарапы Ливан армиясы өңірдегі қауіпсіздікті толық өз бақылауына алып, «Хезболла» қозғалысының әрекеттеріне тосқауыл қою шараларын қабылдағаннан кейін ғана әскерді шығару басталатынын мәлімдеп отыр.