Freedom Inside '26

Қандыағаштағы жаппай улану: “Тұмар” мейрамханасы рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген

Қандыағаштағы жаппай улану: “Тұмар” мейрамханасы рұқсат құжатынсыз жұмыс істеген
Фото: pexels

Қандыағаш қаласында 188 адамның жаппай улануына байланысты тексеру барысында “Тұмар” мейрамханасының міндетті санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істегені анықталды. Бұл туралы Астанада өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Сархат Бейсенова мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Комитеттің мәліметінше, тексеру кезінде санитариялық талаптардың бірқатар өрескел бұзушылығы анықталған. Атап айтқанда, қоғамдық тамақтану орны қажетті рұқсат құжатынсыз қызмет көрсеткен. Сондай-ақ азық-түлікті сақтау талаптары, тағам әзірлеу технологиясы, ғимараттың санитариялық жағдайы мен қызметкерлердің жеке гигиенасы талапқа сай болмаған.

Бұдан бөлек, мейрамхана қызметкерлерінің міндетті медициналық тексеруден өтпегені және медициналық кітапшаларының жоқ екені белгілі болды.

Зертханалық зерттеу қорытындысы бойынша тағам сынамаларынан және қызметкерлерден алынған шайынды үлгілерден ішек инфекциясының қоздырғыштары анықталған.

Алғашқы науқастар 19 маусым күні Мұғалжар аудандық ауруханасыне жүгінген. Олардың барлығы «Тұмар» мейрамханасында өткен той мен ас беру рәсімдеріне қатысқандар болған.

Ресми дерекке сәйкес, жаппай уланудан жалпы саны 188 адам зардап шеккен. Олардың ішінде 15-і – 14 жасқа дейінгі балалар.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта 13 науқас стационарда ем алып жатыр. Оның 12-сі Мұғалжар аудандық ауруханасында, бір адам облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделуде.

Еске салайық, 19 маусымда «Тұмар» мейрамханасында өткен тойдан кейін ауруханаға жүгінушілер саны күрт көбейген еді. Кейін медициналық көмекке жүгінгендер саны 113 адамға жетіп, алдын ала мәлімет бойынша 34 адамға сальмонеллез диагнозы қойылған.

Оқиғадан кейін мейрамхананың қызметі тоқтатылды. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 304-бабы («Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.