Жанармай бағасын негізсіз өсірген жанармай құю бекеттері тексеріледі, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, ведомство жанар-жағармай материалдары нарығындағы бағаға бақылауды күшейтеді.
Агенттік төрағасы Марат Омаровтың төрағалығымен өткен кеңесте аумақтық департаменттерге мұнай жеткізушілердің, мұнай өнімдерін көтерме сатушылардың, сондай-ақ автожанармай құю станциялары (ЖҚС) мен автогаз құю станцияларындағы (АГҚС) бағаға мониторингті күшейту тапсырылды.
Егер бәсекелестікті қорғау туралы заңнаманы бұзу белгілері анықталса, аумақтық департаменттерге монополияға қарсы ден қою шараларын қабылдау жүктелді.
Сонымен қатар агенттік монополияға қарсы заңнаманың бұзылуына жол бермеуге бағытталған арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Сондай-ақ өңірлік штабтар аясындағы ведомствоаралық өзара іс-қимыл күшейтіледі.