Мемлекет басшысы Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Кәмшат Тілеухан 06 мау. 2025 09:00

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Ардақты ағайын! Құрбан айт мерекесі құтты болсын! Барша мұсылман қауым үшін қасиетті саналатын бұл мейрам – имандылық пен ізгіліктің символы. Айт күндері мұқтаж жандарға жақсылық жасап, көмек көрсету – ата-бабаларымыздан жалғасып келе жатқан игі дәстүр. Асыл дініміз азаматтарды бір-бірін құрметтеуге, жақындарына жанашыр болуға үндейді. Бауырластық пен сыйластықты дәріптейді. Халқымыздың берекелі бірлігі осындай ізгі құндылықтардың арқасында нығая түседі", - деді Мемлекет басшысы өз құттықтауында.

Президент Құрбан айт – ырысты ынтымақтың мерекесі екенін баса атап өтті.

"Біз еліміздегі тұрақтылықтың қадірін біліп, татулықты сақтау арқылы кез-келген сыннан сүрінбей өтіп, биік мақсаттарға жетеміз. Әділетті, Таза, Қауіпсіз әрі Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз. Құрбан айт кезінде айтылар дұға-тілектер қабыл болсын! Әр шаңыраққа құт-береке қонсын! Айттан айтқа аман-есен жете берейік!",- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетсек, 6 маусым Қазақстан күнтізбесінде мереке күндерінің бірі ретінде белгіленген. Қазақстандағы мұсылман қауым 6-8 маусымда Құрбан айтты атап өтеді. Бұл күндері құрбандық мал шалынады,жоқ-жітікке, жетім-жесірге, әлеуметтік осал топқа жататындарға садақа беріледі, адамдар бір-біріне қонақ барады, ренжіскендер бір-бірінен кешірім сұрайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар