Цифрлық даму министрлігі ел аспанында байқалған беймәлім отты нысандардың не екенін айтты

Кәмшат Тілеухан 06 мау. 2025 12:13

Цифрлық даму министрлігі 2025 жылы 5 маусымда кешқұрым ел көгінде байқалған беймәлім отты нысандарға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"5-нен 6 маусымға қараған түні ел орталығы және солтүстіктегі халық, оның ішінде Астана, Қарағанды, Павлодар және Қостанай қалаларының тұрғындары аспанда жарық құбылысты байқады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл орбитада бұрын болған ғарыш нысандарының бірінің атмосфераға енуімен байланысты", делінген министрлік түсініктемесінде.

Ғарыштық қалдықтардың қозғалысын бақылайтын халықаралық ұйымдардың деректеріне сәйкес, дәл осы уақыт аралығында үш оқиға тіркелген, олардың әрқайсысы байқалған құбылысты тудыруы мүмкін:

1. Қытайдың ZQ-2E зымыранының үдеткіш блогы

  • Атмосфераға ену уақыты: 5 маусым, Астана уақытымен шамамен 22:40.
  • Нысан: LandSpace компаниясы 17 мамырда ұшырған Zhuque-2 Enhanced зымыранының сатысы.
  • Ерекшелігі: Экологиялық таза отын (сұйық метан мен оттегі) пайдаланылады, жану кезінде айқын жарық шығарады.

Бұл нысан уақыт жағынан және көрініс сипаттамасы бойынша Қазақстан тұрғындарының байқаған құбылысына ең дәл сәйкес келеді.

2. STARLINK-1631 (SpaceX) спутнигі

  • Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 03:41.
  • Ескі спутниктердің бірінің жоспарлы орбитадан шығуы.

3. Жапондық H-2A R/B зымыранының үдеткіш блогы

  •  Атмосфераға ену уақыты: 6 маусым, Алматы уақытымен 00:36.
  • Нысан пассивті орбитадан шығу режимінде болған.
"Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы аумағына қандай да бір фрагменттердің құлағаны немесе залал келтіргені туралы расталған ақпарат жоқ. Мұндай нысандар, әдетте, атмосферада толық жанып кетеді (ірі бөліктердің Қазақстан аумағына құлауы екіталай), ал құбылыстың өзі көрнекі болғанымен, қауіпсіз үдеріс болып саналады", делінген хабарламада.

Сондай-ақ, 2025 жылы 5 маусымда түнгі аспанда ұзын-сонар отты беймәлім нысан пайда бола салысымен, бірінші болып Қорғаныс министрлігі де ақпарат таратқан еді.

ҚР Қорғаныс министрлігі аспанда белгісіз нысандардың пайда болуына қатысты ақпараттың таралуына байланысты төмендегіні хабарлайды:

"Қазақстан Республикасы аумағында әуе кеңістігін бұзу фактілері тіркелген жоқ. Жағдай тиісті қызметтердің толық бақылауында. Халыққа ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Аталған құбылыс атмосфераға еніп жатқан ғарыштық аппараттардың қалдықтарына немесе метеор ағынына ұқсайды. Мұндай нысандар, әдетте, атмосфераның тығыз қабаттарында жанып кетіп, жерге жетпейді. Азаматтардан сабыр сақтауды және расталмаған ақпарат таратпауды сұраймыз. Құзырлы органдар бұл құбылысты зерттеп жатыр және қажет болған жағдайда ресми түсініктеме береді".

 Бұған дейін елорда тұрғындары аспанда жанып бара жатқан бірнеше белгісіз объектінің зулап өткенін видеоға түсіріп алғанын жазған едік.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар