Freedom Inside '26

“Мені сындыра алмайсыңдар”. Бақыт Сәрсекбаев жұмысына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді

“Мені сындыра алмайсыңдар”. Бақыт Сәрсекбаев жұмысына қысым жасалып жатқанын мәлімдеді
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы, Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде өзіне қысым жасалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгісіз адамдар жаттықтырушылық қызметіне араласып, жұмыс процесіне кедергі келтіруге тырысып жүр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Instagram парақшасында жариялаған жазбасында Бақыт Сәрсекбаев ешқандай қысымға немесе арандатуға бой алдырмайтынын айтып, өз жұмысына бөгет жасамауға шақырды.

“Сынбаймын ғой. Сындыра алмайсыңдар ғой! Ешқашан да байланыстарыңмен, телефонмен, провокациямен қорқыта алмайсыңдар! Мен жүрген жерде тек қана тәртіп, дисциплина, әділдік болады! Мен ештеңе сұраған емеспін, бар сұрарым жұмыс істеуге кедергі келтірмеңдер! Маған кедергі жасау – қазақ боксына кедергі жасау! Менің интрига, провокацияға уақытым жоқ, алдымызда жауапты бәсеке тұр! Кейбіреулерге ескерту!”, - деп жазды ол. 

Dalanews.kz тілшісі мән-жайды нақтылау үшін Бақыт Сәрсекбаевпен байланысқа шықты. Оның сөзінше, әзірге болған оқиғаның барлық жай-жапсарын жариялауға және нақты адамдардың есімін атауға ерте.

“Қазір толық айта алмаймын. Бұл мәселеге қатысты федерацияға ресми түрде жүгіндім. Егер мәселе шешілмесе, кейін бәрін ашық айтамын. Әзірге есімдерін атағым келмейді”, – деді ол.

Сәрсекбаевтың айтуынша, дау жаттықтырушылық жұмысына сырттан араласу әрекеттеріне байланысты туындаған. 

“Менің жаттықтырушылық жұмысыма араласып, жұмыс процесін бұзуға, ұжымдағы тұрақтылықты шайқауға әрекет жасалды. Қазір мәселе федерацияның қарауында”, – деді Бақыт Сәрсекбаев.