"Бомба жаратын кез келді". Америкалық миллиардер Илон Маск Трамптың құпиясын ашты

Кәмшат Тілеухан 06 мау. 2025 11:58

SpaceX және Tesla компанияларының негізін қалаушы, америкалық миллиардер Илон Маск АҚШ президенті Дональд Трамп "Эпштейн файлдарында" төбе көрсететінін айтты. "Бомба жаратын кез келді" деген желідегі өз жазбасында Маск осындай құпияның бетін ашты. Трамп та қалыс қалмай, миллиардердің электр көлігін жата жамандауда. Осылайша кеше ғана сайлау науқанында ажырамас адал достардай көрінген АҚШ саясатындағы тұлғалар көпшілік алдында бір-бірінің бетпердесін ашуға тырысуда, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Нағыз бомбаны жаратын кез келді. Бұл жайттың осыған дейін жарияланбауының нақты себебі осы", - деп жазған Маск Трампқа "сәтті күн" тіледі.

Сонымен қатар, ол өз жазбасы астына түсініктеме қалдырғандар арасында "Трампқа импичмент жариялау және оның орнына қазіргі АҚШ вице-президенті Вэнсті сайлау туралы" идеяны да қолдай кетті.   

Айта кетсек, "Эпштейн файлдары" деген қаржыгер Джеффри Эпштейннің іс құжаттары. Оған алғаш рет 2006 жылы айып тағылды. Ол жезөкшелікті ұйымдастырумен айналысқанын мойындап, кәмелетке толмағанды зорлағаны үшін сотталған. Миллиардер АҚШ-та 2019 жылдың жазында қайта ұсталады. Ол кезде де қыздармен, оның ішінде 14 жасар қыздарды жезөкшелікке итермелеу, адам саудасымен айналысу сынды айыптар жарияланды. Эпштейнге 40 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төнген. Ол темірдің тордың арғы жағында құпия жағдайда көз жұмған.

Бұған жауап ретінде Трамп Truth Social-дағы парақшасында ешкімге қажеті жоқ электромобильдерді сатып алуға баршаны мәжбүрлеуші бұйрығының күшін жойғанын айтып, жазба жариялады.  Оның айтуынша, Маск "әбден болдырған", сондықтан да саясаттан кетуге өтініш білдірген.

"Ол менің осылай жасайтынымды бірнеше ай бойы алдын ала біліп жүрді, содан кейін де жынданып кетті!"- деп жазды Трамп.

Республикашыл саясаткердің айтуынша, ел бюджетін үнемдеудің ең оңтайлы жолы – үкіметтік субсидияларды қысқартып, Масктың келісімшарттарын жою. 

Осы жазбалардан кейін бір түн ішінде Маскқа тиесілі Tesla акцияларының бағасы 15%-ға құлады, бұл соңғы үш айдағы ірі құлдырау болды. Сөйтіп АҚШ президентімен сөзге келемін деп миллардер бір күнде 34 млрд долларын жоғалтты, бірақ ол әлі де әлемдегі ең бай адамдар тізімінде бірінші орында тұр.  Бұл туралы 6 маусымда Bloomberg агенттігі жазды. Агенттік мәліметінше, Илон Масктың байлығы 334,5 млрд долларға бағаланады. Ол 2025 жылдың басынан бастап бүгінге дейін 97,9 млрд долларын жоғалтыпты.

Негізі, "даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" демекші,  бәрі Илон Масктың 2025 жылдың 3 маусымында Трамп әкімшілігі ұсынған бюджет жобасын сынға алудан басталды. Кәсіпкер бұл құжатты "адам көргісіз жексұрын дүние" деп атады. Өйткені, оның айтуынша, бұл жоба бюджет тапшылығын 2,5 трлн долларға дейін едәуір арттырып, Америка азаматтары мойнына үлкен қарыз ауыртпалығын салатын көреді.

"Мен өзіме уайымдап тұрғаным жоқ. Электромобиль, күн энергиясына арналған субсидияларды қысқартса қысқарта берсін, алайда мұнайгаз саласына еш тиіспеген (әділетсіздік қой), бірақ заң жобасынан таудай-таудай жексұрын қорсылдақтардың барлығын сызып тастаңыз (бұл арада бюджет ақшасына қол салған ат төбеліндей топты меңзейтін "шошқа майы толы бөшке" деген идеома негізге алынған секілді, бізше айтқанда, тегін майлы шелпек). Әйтпесе, мынауыңыз үлкен әрі қорқынышты заң жобасы болады", деп атап өтті миллиардер.

Трамп 2025 жылдың 5 маусымында кәсіпкердің қатты-қатты айтқан сөздерінен көңілі қалғанын жеткізді. Сөйтіп ол Масктың мұнымен тоқтамайтынын, әлі талай айыптауларды өзіне қарша борататынын болжаған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар