Қазақстанда бүгін жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл туралы конституциялық реформалар бойынша сарапшы Индира Рыстина өзінің Facebook парақшасында жазды.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 1 шілде Қазақстанның жаңа саяси даму кезеңінің басталған күні ретінде тарихта қалмақ. Бүгіннен бастап ел жаңа конституциялық модель жағдайында өмір сүре бастайды. Конституция күні енді 15 наурызда аталып өтсе, 1 шілде жаңа Ата Заңның практикалық кезеңі басталған тарихи күн ретінде бағаланады.
Сарапшының пікірінше, референдумнан кейін бірнеше ай бойы конституциялық заңдар қабылданып, мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қамтамасыз ететін құқықтық база қалыптастырылды. Ендігі негізгі міндет – жаңа саяси модельдің толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету.
Индира Рыстина соңғы алты жылда саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған ауқымды реформалар жүргізілгенін атап өтті. Оның ішінде азаматтық қоғам институттарының күшеюі, саяси партиялар туралы заңнаманың жаңаруы және партияларды тіркеу талаптарының жеңілдетілуі жаңа саяси күштердің қалыптасуына мүмкіндік берген.
Сарапшы жаңа Конституция жағдайында саяси партиялардың рөлі түбегейлі өзгеретінін айтады. Құрылтай депутаттарының толықтай партиялық тізім бойынша сайлануы партиялардың мемлекеттік саясат пен елдің стратегиялық дамуына жауапкершілігін күшейтеді.
Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында «AMANAT» пен «Әділет» партияларының реформаларды іске асырудағы рөлін арнайы атап өтуін жаңа саяси модель жағдайындағы маңызды саяси сигнал ретінде бағалады.
Жазба соңында Индира Рыстина жаңа Конституцияның басты ерекшелігі мемлекет пен қоғамның өзара жауапкершілігіне негізделген жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру екенін айтып, 23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы осы өзгерістердің алғашқы ірі сынағы болатынын атап өтті.