Freedom Inside '26

Тоқаев Air Astana-ға рейстердің кешігу мәселесін шешуді тапсырды

Тоқаев Air Astana-ға рейстердің кешігу мәселесін шешуді тапсырды
aqorda

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Ибрагим Жанлыелді қабылдады, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысына Орталық Азия мен Кавказдағы жетекші әуе компаниясының операциялық және қаржылық көрсеткіштері туралы баяндалды. Сонымен қатар Air Astana 2026–2027 жылдары Boeing 787 Dreamliner жаңа буын ұшақтарын әкелуді жоспарлап отырғаны айтылды.

Қазіргі таңда компания Airbus A320neo және A321neo үлгісіндегі 50 ұшаққа, сондай-ақ Boeing 787-9 үлгісіндегі 15 әуе кемесіне тапсырыс берген. Жаңа ұшақтар 2036 жылға дейін кезең-кезеңімен жеткізіледі.

Кездесу барысында компанияның Қазақстанды өңірлік авиациялық хаб ретінде дамытуға бағытталған ұзақмерзімді стратегиясы таныстырылды. Жоспарға сәйкес жаңа халықаралық бағыттар ашылып, рейстер саны көбейеді, мультимодальді тасымал дамытылады және цифрлық технологиялар кеңінен енгізіледі.

Президент әуе паркін жаңарту мен бағыттар желісін кеңейтудің маңызын атап өтіп, АҚШ пен Жапонияға тікелей әуе рейстерін ашуды басым міндеттердің бірі ретінде атады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы рейстердің кешігуі мен ұшақтардың жиі ауыстырылуы сияқты жолаушылар тарапынан сынға ұшырап жүрген мәселелерге ерекше назар аударып, қазақстандықтар жиі қатынайтын елдермен әуе қатынасын кеңейтуді тапсырды.