Freedom Inside '26

Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасау жүргізіледі – Президент заңға қол қойды

Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жасау жүргізіледі – Президент заңға қол қойды
ЖИ: Dalanews.kz

Президент амнистия туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, делінген Ақорда хабарламасында. 

Айта кетейік, Қазақстанда амнистия аясында 15 мыңнан астам азаматқа жеңілдік жасалады. Оның ішінде шамамен 1500 сотталған адам бостандыққа шығады. Қалғандарының жаза мерзімі қысқартылады.

Амнистия қылмыстық теріс қылық жасағандарға, ауырлығы жеңіл қылмыс үшін сотталғандарға, сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы кейбір қылмыстарды жасағандарға қолданылады.

Сонымен қатар орташа ауырлықтағы, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың өтелмеген жаза мерзімі де қысқартылады.

Биыл алғаш рет әкімшілік амнистия енгізіліп отыр. Оның аясында азаматтар, жеке кәсіпкерлер, нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары әкімшілік айыппұл төлеуден босатылады.

Дегенмен амнистия сыбайлас жемқорлық қылмыстары, терроризм мен экстремизм, кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы қылмыстар, азаптау фактілері және өзге де ауыр әрі аса ауыр қылмыстар бойынша сотталғандарға қолданылмайды.