Алматы тұрғыны Гүлмайра LRT құрылысы жүріп жатқан аумақта орнатылған металл қоршаудың көлігінің үстіне құлағанын айтып, мердігерлерді салғырттыққа айыптады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, оқиға бейнетіркегішке түсіп қалған. Кадрларда ауыр металл қоршаудың арнайы бекіткіштерсіз, бір ғана шағын тасқа немесе ағаш тірекке сүйеп қойылғаны көрінеді.
«Мұндай ауыр конструкция ешқандай анкерсіз, дұрыс бекітусіз тұрды. Осындай немқұрайлылықтың салдарынан қоршау көлігімнің үстіне құлап, оны қатты зақымдады», – дейді тұрғын.
Гүлмайраның сөзінше, оқиғадан кейін мердігер компания келтірілген шығынды өтеуден бас тартқан.
«Ең сорақысы – мердігерлер мұны өз кінәсі деп мойындамай отыр. Егер сол сәтте көліктің орнында адам болса ше? Арбамен келе жатқан әйел немесе бала болса не болар еді? Мұндай қоршау адамды ауыр жарақаттап, тіпті қазаға әкелуі мүмкін еді», – дейді ол.
Тұрғын бұл жағдайды назардан тыс қалдырмайтынын айтып, жауаптылардың жауапқа тартылуы үшін прокуратура мен сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Алайда мұндай жүйемен жалғыз күресудің қиын екенін де жеткізді.