Бүгін Қазақстанда жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осыған орай әлеуметтанушы, Отбасы және гендерлік саясатты зерттеу орталығының директоры Эльмира Отар негізгі заңның басты ерекшеліктерін жіпке тізді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сарапшының пікірінше, жаңа Конституция тек жекелеген баптарды өзгертумен шектелмейді. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртып, елдің болашақ даму бағытын айқындайтын стратегиялық құжат.
Оның сөзінше, конституциялық өзгерістер мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың жаңа қағидаттарын айқындап, жаңа конституциялық институттардың пайда болуына және олардың өкілеттіктерінің нақтылануына жол ашып отыр. Сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуын кеңейту мәселелері конституциялық деңгейде күшейтілген.
“Конституцияда ұзақмерзімді дамуға қатысты құндылықтар бұрынғыдан айқынырақ көрініс тапқан. Заң мен тәртіп, Әділетті Қазақстан, Таза Қазақстан қағидаттары, отбасы институтын нығайту, білім мен ғылымды дамыту, цифрлық құқықтарды қорғау – мұның барлығы мемлекеттің алдағы стратегиялық бағытын айқындайды. Алайда Конституцияның шынайы құндылығы оның мәтінімен емес, қабылданған нормалардың заңдарда, мемлекеттік саясатта және күнделікті өмірде қалай жүзеге асатынымен өлшенеді”, – деді сарапшы.
Эльмира Отар Конституциялық өзгерістердің негізгі мақсаты – мемлекеттің ұзақмерзімді даму қағидаттарын қалыптастыру екенін атап өтті. Айтуынша, Конституция күнделікті саяси шешімдерді емес, мемлекеттік институттардың қызметін, басқару жүйесін және азамат пен мемлекет арасындағы өзара қатынастың негізгі ережелерін айқындайды.
Сарапшы саяси тұрғыдан бұл өзгерістер мемлекеттік институттардың жауапкершілігін күшейтуге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтауға және азаматтардың қоғамдық үдерістерге қатысу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталғанын айтты. Ал экономикалық тұрғыдан Конституция тұрақты құқықтық орта қалыптастыру арқылы экономикалық өсімге қажетті институционалдық негіз қалайды.
“Кез келген инвестор немесе кәсіпкер үшін ең маңызды факторлардың бірі – болжамды құқықтық орта. Заңдардың тұрақтылығы, меншік құқығының қорғалуы және мемлекеттік институттардың тиімділігі инвестициялық белсенділікке тікелей ықпал етеді. Конституция экономикалық өсуді тікелей қамтамасыз етпесе де, оған қажетті құқықтық негізді қалыптастырады”, – деді ол.
Эльмира Отар жаңа Конституцияның инвестициялық ахуалға, кәсіпкерлікке және Қазақстанның халықаралық беделіне де оң ықпал етуі мүмкін екенін жеткізді. Оның сөзінше, бизнестің табысты дамуы қаржылай қолдаумен қатар әділ бәсекелестікке, құқықтық кепілдіктерге және мемлекеттік институттарға деген сенімге тәуелді.
“Қазақстан кейінгі жылдары саяси және құқықтық институттарды жаңғыртуға бағытталған реформаларды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл халықаралық серіктестер үшін еліміздің құқықтық жүйені жетілдіруге және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға ұмтылысын көрсетеді. Дегенмен халықаралық бедел қабылданған құжаттармен емес, олардың нақты орындалуымен қалыптасады”, – деді сарапшы.
Сонымен бірге ол жаңа Конституция азаматтардың мемлекетке деген сенімін бірден арттырады деуге болмайтынын айтты. Оның пікірінше, сенім уақыт өте нақты нәтижелер арқылы қалыптасады.
“Жаңа Конституция сенімді қалыптастыруға қажетті құқықтық және институционалдық негізді жасайды. Республикалық референдумда дауыс берген азаматтардың 87,15 пайызы Конституцияны қолдады, ал қатысу көрсеткіші 73,12 пайыз болды. Бұл қоғамда конституциялық өзгерістерге деген бастапқы қолдау болғанын көрсетеді. Алайда ұзақмерзімді сенім азаматтардың өз құқықтарының қорғалғанын сезінуіне, заңның бәріне бірдей қолданылуына және мемлекеттік шешімдердің ашықтығына байланысты қалыптасады. Сондықтан Конституцияны сенімнің соңғы нәтижесі емес, оны қалыптастырудың бастапқы алаңы ретінде қарастырған жөн”, – деді Эльмира Отар.
Сарапшының айтуынша, ұзақмерзімді перспективада жаңа Конституция елдің тұрақты дамуына негіз болатын басты құжаттардың біріне айналуы тиіс.
“Жаңа Конституцияда отбасы институты, адам құқықтары, заң үстемдігі, білім мен ғылым, цифрлық құқықтар, экологиялық жауапкершілік және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысуы конституциялық деңгейде бекітілген. Бұл бағыттардың барлығы халықаралық тәжірибеде де орнықты дамудың негізгі факторлары ретінде қарастырылады. Егер осы қағидаттар заңдарда, мемлекеттік саясатта және қоғамдық тәжірибеде дәйекті жүзеге асса, жаңа Конституция Қазақстанның құқықтық мемлекет ретінде дамуына, бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыруына және адам капиталының сапасын арттыруына берік негіз бола алады”, – деп түйіндеді ол.