Жетісу облысында есірткі сайттарының жарнамасын граффити арқылы таратқан тұрғын 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Көксу аудандық соты қоғамдық орындарда тыйым салынған интернет-ресурстарды заңсыз жарнамалаған жергілікті тұрғын К.-ға қатысты үкім шығарды. Сот материалдарына сәйкес, ол заңсыз бизнесті ұйымдастырушылармен алдын ала сөз байласып, тыйым салынған ақпаратты таратуға келіскен.
Сотталушы Балпық би ауылындағы қоршауларға, қақпаларға және электр беру желілерінің тіректеріне маркермен есірткіге қатысты интернет-ресурстардың сілтемелері бар граффити жазуларын салған. Кейін атқарған жұмыстары бойынша координаттары көрсетілген фотоесепті кураторларға жіберіп отырған.
Сот қоғамдық имандылық пен халықтың денсаулығына қарсы жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, К.-ны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сатысы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот шешімі заңды күшіне енді.
Жетісу облысының прокуратурасы есірткі құралдарын, психотроптық заттарды және олардың аналогтарын кез келген нысанда, соның ішінде граффити, әлеуметтік желілердегі жазбалар мен мессенджерлер арқылы насихаттау немесе заңсыз жарнамалау қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Бұл әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің 299-1-бабы бойынша сараланады.