Қазақстан 2032 жылға дейін авиациялық отын өндірісін 1 млн тоннаға арттырмақ

Қазақстан 2032 жылға дейін авиациялық отын өндірісін 1 млн тоннаға арттырмақ
pixabay.com

Қазақстан 2032 жылға дейін авиациялық отын өндірісін қосымша 1 млн тоннаға арттыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан ішкі нарықтың авиациялық отынға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Ел жылына шамамен 850 мың тонна авиациялық отын өндіреді, ал ішкі сұраныс 1,1-1,2 млн тоннаны құрайды. Жетіспейтін көлем Ресей және басқа елдерден импортталады.

«Қазіргі уақытта Қазақстан өзін авиациялық отынмен толық қамтамасыз етіп отырған жоқ. Қазақстан жылына шамамен 850 мың тонна авиациялық отын өндіре алады, ал қажеттілік 1,1-1,2 млн тоннаны құрайды. Айырмашылығы Ресей Федерациясынан және басқа елдерден импортталды және импортталып жатыр. (…) Егер жоспарлар туралы айтатын болсақ, ең алдымен мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту көзделіп отыр. Павлодар мұнай өңдеу зауытының қуатын 2,2 млн тоннаға арттыру және Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын екі есеге, яғни 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұл жұмыстар 2032 жылға дейін жүзеге асырылады. Нәтижесінде қосымша 1 млн тонна авиациялық отын өндіріледі. Жалпы Қазақстан жылына 1,7-1,8 млн тонна авиациялық отын өндіретін болады», – деді Ерлан Ақкенжанов.

Осылайша, мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру ішкі нарықты авиациялық отынмен толық қамтамасыз етуге және өндіріс көлемін елдегі қазіргі сұраныстан едәуір жоғары деңгейге жеткізуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Қазақстанда төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Министрдің айтуынша, жаңа зауыттың іске қосылуы елдің мұнай өнімдеріне деген ішкі қажеттілігін толық өтеуге және болашақта авиациялық отынды экспорттау мүмкіндігін қалыптастыруға жол ашады.