БАӘ-де екі қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты

БАӘ-де екі қазақстандық қыз жұмбақ жағдайда қаза тапты

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында екі қазақстандық бойжеткен қаза тапты. Бұл ақпаратты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі растады, деп хабарлайды dalanews.kz.

СІМ мәліметінше, қазіргі уақытта БАӘ-нің құзырлы органдары оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу жүріп жатқандықтан, әзірге қосымша ақпарат жарияланбайды.

Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың отбасыларымен байланыста. Дипломаттар құжаттарды рәсімдеу және жергілікті органдармен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша қажетті көмек көрсетіп жатыр.

«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі БАӘ-нің Шарджа қаласында қаза тапқан азаматтарымыз А. Б. және Ж. Б-ның туған-туыстары мен жақындарына шын жүректен көңіл айтады. СІМ қаза тапқандардың отбасыларымен байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр», – делінген ведомство хабарламасында.

Туыстарының айтуынша, 2004 және 2006 жылы туған қыздар Шарджада жұмыс істеген. Олар тамыздың соңы немесе қыркүйектің басында Қазақстанға оралуды жоспарлаған.

Алайда шамамен бір апта бұрын бойжеткендер жақындарымен байланысқа шықпай қалған. Кейін туыстары олардың денелері табылғанын хабарлаған.

Отбасы өкілдерінің сөзінше, қыздар пышақ жарақатынан көз жұмған, ал оқиғаға қатысы болуы мүмкін күдікті ұсталған. Сондай-ақ күдіктінің Қазақстан азаматы болуы мүмкін екені айтылды.

Дегенмен қыздардың нақты неден қаза болғаны, күдіктінің ұсталғаны және оның азаматтығына қатысты бұл мәліметтерді ресми органдар әзірге растаған жоқ.

Марқұмдардың жақындары әлеуметтік желі арқылы олардың денесін Қазақстанға жеткізуге көмек сұраған.