Ержан Әмірбекұлы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тиісті бұйрыққа ведомство басшысы қол қойған. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Ержан Әмірбекұлы 1976 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 1998 жылы осы оқу орнында оқытушы болып бастаған. Кейін Т. Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде аға оқытушы, профессор және кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды.
2014–2015 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығында басқарма жетекшісі болды.
2015–2018 жылдары Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің Халықаралық бизнес мектебін басқарды. Сонымен қатар академиялық қызмет және ғылым жөніндегі проректор қызметін атқарды.
2018–2020 жылдары Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры болды.
2020–2021 жылдары Тараз өңірлік университетінің ректоры міндетін атқарып, кейін ректор қызметіне тағайындалды.
2021–2022 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды.
2022–2025 жылдары Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының басқарма төрағасы – ректоры болды.
Ал 2025 жылғы қаңтардан бері Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы – ректоры қызметін атқарып келді.
Енді Ержан Әмірбекұлы жоғары білім саласындағы негізгі бағыттардың бірі – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетіне жетекшілік ететін болады.