Ақмола облысында құрылысшы үй иесінің телефоны арқылы 2 млн теңге жымқырған

Ақмола облысында құрылысшы үй иесінің телефоны арқылы 2 млн теңге жымқырған
Фото: ЖИ

Ақмола облысында үй жөндеуге жалданған жұмысшы тұрғынның телефоны арқылы банк шотынан 2 млн теңге ұрлады деген күдікке ілінді. Қазір бұл дерек бойынша Целиноград аудандық полиция бөлімі қылмыстық істі тергеп жатыр, деп хабарлайды dalanews.kz.

Полиция мәліметінше, биыл мамыр айында Қараөткел ауылының тұрғыны жеке үйінің құрылысын бастаған. Құрылысшылар іздеген ол жөндеу жұмыстарын жүргізуге келіскен ер адамды жалдайды. Жұмысшы бірнеше ай бойы аталған нысанда еңбек еткен.

22 тамыз күні таңертең үй иесі ұялы телефонының жоғалғанын байқайды. Банк қосымшасын тексерген кезде шотынан бірнеше рет ақша аударылып, жалпы 2 млн теңге шешілгенін анықтаған.

Тәртіп сақшыларының алдын ала мәліметінше, ақшаны жәбірленушінің үйінде жұмыс істеген ер адам аударған. Сондай-ақ оның танысу кезінде өзін бөтен адамның атымен таныстырғаны белгілі болды.

Жәбірленуші дереу полицияға арызданған. Жедел іздестіру шаралары барысында күдіктінің шын мәніндегі жеке басы қысқа уақытта анықталды.

Қазір іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.