Respublica партиясы 2023 жылғы Мәжіліс сайлауымен салыстырғанда биылғы Құрылтай сайлауында аз дауыс жинады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Партия мүшесі, бұрынғы депутат Олжас Құспеков бұл айырмашылықты партия құрамындағы және саяси ортадағы өзгерістермен байланыстырды.
2023 жылғы сайлауда Respublica 547 мыңнан астам дауыс жинап, Мәжіліске өткен болатын. Ал 2026 жылғы Құрылтай сайлауында партияның алдын ала нәтижесі 510 мыңға жуық дауыс болды.
Құспековтің айтуынша, сайлаушылардың таңдауы мен партия мүшелерінің саяси ұстанымдары уақыт өте өзгеруі заңды құбылыс.
«Адамның жылдар өте келе өз ойын өзгерте білуі қалыпты деп ойлаймын. Өйткені әр адам уақыт өте келе өзіне қатысты сұрақтарға жауап табады, өзінің көзқарасын өзгертеді. Басқа партиялардың құрамына өткен адамдар да өздерінің сұрақтарына жауап тапқан шығар, өз таңдауларын жасаған шығар. Мен үшін адамның өз ойын өзгерте білуі жаман нәрсе емес. Керісінше, адам өзгеріп жатқан жағдайға қарай өз көзқарасын қайта қарауды білуі керек. Біз де өз қатарымызда өзгерістер болғанын көріп отырмыз. Бұл қалыпты процесс. Жалпы, жылдар өте келе адамның өзіне қатысты нәрселерге көзқарасы, таңдауы өзгеруі мүмкін. Ең бастысы, бұл жерде адамға деген қастық пен залымдық болмауы керек. Саяси көзқарастар әртүрлі болуы мүмкін, адамдардың таңдауы өзгеруі мүмкін, бірақ бір-біріне деген адамдық қарым-қатынас сақталуы тиіс», – деді Олжас Құспеков.
Осылайша, Respublica биылғы сайлауда шамамен 510 мың дауыс жинап, Құрылтайда 9 депутаттық мандат алды. Партияның нәтижесі 2023 жылғы көрсеткіштен төмен болғанымен, ол сайлауда белгіленген өту шегінен жоғары нәтиже көрсетті.