Жетісу облысында тұңғыш рет жаңа, заманауи, екі қабатты кітапхана ғимараты арнайы салынып, қолданысқа берілді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес іске асырылды. Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында орналасқан кітапхананың ашылуына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Аудан тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс басшысы ауылдық елді мекенде заманауи жаңа кітапхананың ашылуы Жетісу өңірінің рухани өміріндегі айтулы жаңалық екенін атап өтті.
- Бұл – кітап оқу мәдениетін дамыту және заманауи кітапхана кеңістіктерін қалыптастыру туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын өңірде іске асырудың алғашқы бастамасы. Жаңа кітапханада кітап оқуға ғана емес, цифрлық ресурстарды пайдалануға, жан-жақты ізденуге, түрлі мәдени және қоғамдық іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Кітапханаға салынған инвестиция – ең алдымен адам капиталына, ұлттың интеллектуалдық әлеуетіне жасалған инвестиция. Бұл ретте осы киелі ордадан білімді, саналы, тәрбиелі, кітапсүйер ұрпақтың қалыптасып шығатынына сенімдіміз. Жаңа нысан осындай игі мақсаттарға қызмет етіп, өңірдің рухани шамшырағына айналсын! – деді Б. Исабаев.
Мұнан соң жиналған көпшілік кітапхананың ішін аралап көрді. Соның ішінде мәжіліс залын, оқу залын және балалар бөлімін аралап көрді.
Кітапхана директоры Гүлмира Аханқызының айтуынша, жаңа кітапхананың кітап қоры 53 мыңнан асады. Ғимараттың басты ерекшелігі - мұнда бірнеше оқырман залының болуы, атап айтқанда мектеп жасына дейінгі, мектеп жасындағы балаларға, ересектерге арналған арнайы оқырман залдары қарастырылған. Сонымен қатар медиатекасы бар ақпараттық-анықтамалық зал, көбейту зертханасы, ауқымды кітап қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда кітапхана оқырмандарының саны шамамен 5570 адам.

Жаңа кітапхана ғимаратының аумағы 1620 шаршы метр. Кітапханада оқырмандарға қолайлы жағдай жасалып, заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Бірінші қабатта кітапхананың негізгі қызметтік және оқу залдары орналасқан. Мұнда кітап қорын заманауи талаптарға сай сақтауға және оқырмандарға электронды форматта ұсынуға мүмкіндік беретін сканерлеу және цифрландыру кабинеті бар. Сондай-ақ компьютермен және интернетпен жабдықталған мультимедиа залы жұмыс істейді. E-gov порталы арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы қарастырылған.

- Бірегей залдардың бірі – 30 орындық өлкетану залы. Мұнда өлкенің тарихы мен мәдениеті, Кербұлақ ауданынан шыққан белгілі тұлғалар туралы кең көлемде ақпарат беретін кітап материалдары қойылған. Сондай-ақ бұл залда ауданның тарихи-мәдени мұрасын сақтауда маңызды орны бар сирек кездесетін кітаптар топтамасы сақталған. Мұның бәрі аудан тұрғындары мен қонақтарының иглігі үшін ұсынылып отыр, – деді Г. Аханқызы.

Кітапхананың екінші қабатында кітапхананың балалар бөлімі орналасқан. Мұнда интернетке қосылған, компьютермен жабдықталған ІТ-зал бар. Сондай-ақ 56 орындық оқу залында балалардың жас ерекшеліктеріне сай түрлі тақырыптық кітап көрмелері ұйымдастырылған. Бұл олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыра түседі. Үйірмелер өткізу үшін «Балауса» оқу кеңістігі және балалардың пайдалы уақытын ұйымдастыруға арналған коворкинг орталығы құрылған. Сонымен қатар екінші қабатта түрлі мәдени іс-шараларды өткізуге жағдай жасалған акт залы орналасқан.
Балалар бөлімінің кітап қорымен танысқан облыс басшысы оны алдағы уақытта жаңа құндылықтарға негізделген жаңа әдебиетпен толықтыру керек екенін айтты. Сол сияқты «Балалардың IT залына» интернетті пайдаланып, балаларға әлемнің кез келген еліндегі кітапхананың оқырманы бола алатындай мүмкіндікті үйрететін мамандарды арнайы тартуды тапсырды.
Мектеп оқушылары кітапхананың оқу залында кітап, білім туралы қазақ қаламгерлерінің өлеңдерін оқыды.
Еске салсақ, бұған дейін аудандық кітапхана мен балалар кітапханасы ауылдық әкімдік ғимаратында және Әбікен Сарыбаев атындағы аудандық мәдениет үйінің ішінде отырған болған.
Жалпы, өңірде 150 кітапхана бар. Оларда 128 клуб пен үйірмелер, 29 коворкинг орталығы жұмыс істейді. Облыс құрылғалы бері кітапханалардағы кітап қорының саны 2,8 миллионнан асты.