Өскемендегі титан-магний комбинатына 24 млн теңге айыппұл салынды

Кәмшат Тілеухан 06 мау. 2025 17:14

Өскемен қаласын бөккен сары түтіннің көзі табылды. Екі аптадан аса уақыт "Өскемен титан-магний комбинаты" ЖШС (ӨК ТМК) өнеркәсіптік кәсіпорнында экологтар жүргізген тексеру аяқталды. Оның қорытындысы бойынша кәсіпорынға 24 миллион теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Айта кетсек, 2025 жылдың 19 мамырында Өскемен тұрғындары сары тұманға оранып, хлордың өткір иісіне тап болған. Салдарынан қала тұрғындарының көбісі бас айналу мен жалпы ауруға шағымданып, дәрігерге көмегіне жүгінген. Алдымен аталған жайтқа қатысты Өңірлік коммуникациялар қызметінде түсініктеме берілді. Олар титан-магний комбинаты басшылығына сілтеме жасай отырып, өндіріс орнында штаттан тыс жағдайлар болмағанын хабарлады. Ресми нұсқа бойынша, кәсіпорында хлорлау қондырғысының конденсация жүйесіне жоспардан тыс тазарту жұмыстары жүргізілген. Алайда, оқиға орнынан ауаны зерттеген экологтар рұқсат етілген шектен тыс хлордың мөлшерін тіркеді. Сол кезде кәсіпорында тексеру жүргізілетіні хабарланған. 5 маусымда бұл тексерудің нәтижелері белгілі болды.

"20 мамырдан 2 маусым аралығында жүргізілген жоспардан тыс тексеру газ тазарту жабдықтарын дұрыс пайдаланбауды қоса алғанда, өрескел бұзушылықтарды анықтады. Газ құбырын профилактикалық тазарту кезінде хлорлау қондырғысында қысымның қысқа мерзімді жоғарылауы орын алды, бұл ластаушы заттардың тазарту жүйесін айналып өтіп, атмосфераға шығуына түрткі болды. Бұл жайт шамамен екі сағатқа созылды, мұны тергеуге қатысқан ШҚО ТЖД мамандары да растады", - деді ШҚО Экология департаменті.
Сондай-ақ, экологтар сынама алу орындарындағы сәйкессіздіктерді тіркеді, бұл мамандардың айтуынша, экологиялық мониторинг ережелерінің бұзылуын және нақты шығарындылар туралы деректердің ықтимал бұрмалана көрсетілуін танытуы мүмкін.
"Тексеру нәтижелері бойынша кәсіпорынға салынған айыппұлдың жалпы сомасы шамамен 24 млн теңгені құрады, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқама берілді, болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу үшін арнайы шаралар әзірлеп, қабылдау ұсынылды", деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

Егер нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаса, департаменттегілер қайта тексеру жүргізілетінін нақтылады.

Бұған дейін сайтымызда "Сенатта Қазақстанның төрт өңірінде экологияны ластаған компаниялар аты аталды" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар