Адвокаттардың келіспеуі, апелляция мен жақындарының жанайқайы: Шерзат соты қалай өтті?

Көркем Алдабергенова 05 мау. 2025 19:00

Бүгін 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болаттың өлімі бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты. Dalanews.kz тілшісі сот отырысының қалай болғанын баяндайды. 

Сот отырысы Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында өтті.

Айыпталушылар орындығында тоғыз адам отырды, олардың бірі кәмелетке толмаған.

  • Азамат Тоқтаубаев 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрқияс Ілиясов 9 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Шыңғыс Белғожаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Дархан Әскентай 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Дидар Қалиахмет 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Нұрбол Тоқтаубаев 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Адвокат Мейірман Шекеев үкіммен келісетінін жеткізді. 

"Егер топтасып адам өлтіру бабымен сотталса күдіктілердің бәрі кемінде 15 жылға сотталар еді. Шешімге ризамыз ба? Бұл жерде жеңген адам жоқ. Ол да, бұл да қазақтың баласы. Бұл - қоғамның қасіреті",  - дейді Шекеев. 

Ал сотталған Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтың әкесі сот әділетсіз өтті деп есептейді. 

"Себебі тергеу амалдары дұрыс жүрмеді. Прокурор қалай берді, солай кетті. Тергеу амалдары жүрмеген. Қаржаубайдың пышағы жоқ, қару солардан шықты. Енді шағымданатын жерге шағымданамыз", дейді сотталушылардың әкесі. 

Сотталушы Нұрбол мен Азаматтың анасы да сот шешімімен келіспеді. 

"Біз бәрі заң аясында шешіледі деп ойладық. Қазақстанда заң, әділдік жоқ. 13 баланы теріп жүріп алып келіп қамады. Балалардың тағдыры ойыншық болды", дейді сотталушылардың анасы. 

20 жылға сотталған Равиль Сәкиевтің анасы үкімді естіп, сыртқа шыққанда эмоциясын ұстай алмады. 

"Қа...м басына келдіңдер ме? Естігілерің келіп тұрған сол ма? С..ка", - деп залдан шығып кетті ол.

Сот үкіміне марқұм Шерзаттың әпкесі Перизат Нұрымова пікір білдірді. 

"Сот үкіміне келісеміз. Бұл жерде «бұзақылық» бабы бойынша емес, «топтық бұзақылық» бабы бойынша қаралуы керек еді. Бұл – бірінші адвокаттарымыздың обалында кеткен дүние. Қазіргі қорғаушыларымыздың арқасында осындай үкім шыққанына шүкіршілік етеміз", – дейді ол.

Сотталушы Дидар Қалиахметтің әкесі баласының кінәсі жоқ деп есептейді. 

"Соңына дейін барамыз. Жазамен келіспеймін. Апелляцияға береміз", дейді Дидардың әкесі. 

Үкіммен келіспейтіндердің бірі - Абзал Шынасылдың адвокаты. Әбеновтың айтуынша, соттың шығарған шешімі әділетсіз және 23 жылдық жаза тым ауыр.

"Бұл шешіммен ешкім келіспейді, халық та барлығын көріп-біліп отыр. Біз айтарымызды сот барысында айттық, ал қалған дәлелдерімізді енді апелляцияда ұсынамыз", – деді ол.

Айта кетейік, Шерзат Болаттың өлімі бойынша сотталып жатқан айыпталушылар жәбірленуші тарапқа 120 миллион теңге төлеуге міндеттелді. 

Абзал Шынасыл әрбір жәбірленушіге 20 миллион теңгеден өтемақы төлеуі тиіс.

Равиль Сакиев – 15 миллион теңгеден, ал Шыңғыс Белқожаев, Дархан Әскентай, Нұрқияс Ілиясов, Азамат және Нұрбол Тоқтаубаевтар, сондай-ақ Дидар Қалиахмет – әрқайсысы 10 миллион теңгеден өтемақы төлеуге міндеттелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар