"Атымды пайдаланып жатыр". Шерзат ісіндегі прокурор мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 05 мау. 2025 19:10

Шерзат Болат ісіндегі мемлекеттік айыптаушы Дана Сәрсенбай әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әлеуметтік желілерде менің атымды, қызметімді және фотосуретімді заңсыз пайдаланып, жалған аккаунттар ашылып жатқанына байланысты осы бейнеүндеуді жасауды қажет деп таптым. Менің Instagram әлеуметтік желідегі жалғыз аккаунтым — @s.d.n__ , тек отбасым мен жақындарыммен байланыс орнату үшін құрылған. Бұл парақшада ешқандай ресми жазба, пікір немесе кәсіби сипаттағы ақпарат жарияланбайды. Менің атымнан ашылған басқа барлық парақша жалған. Менің атымды, қызметімді немесе фотомды рұқсатсыз пайдалану, әсіресе, қылмыстық іс аясында пайдалану – заңсыз әрекет", - деді ол.

Прокурор жұртты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

"Сіздерді сақ болуға, жалған ақпаратқа сенбеуге және оны таратпауға шақырамын. Мұндай фейк парақшалар мен жалған мәліметтер құқық қорғау органдарына деген сенімге нұқсан келтіріп, тергеу барысына кері әсер етуі мүмкін. Іске қатысты барлық ресми ақпарат тек уәкілетті мемлекеттік органдардың ресми арналары арқылы жарияланады", - деді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар