Біртанов пен Әбішевтің атышулы ісі қайта қаралуы мүмкін

Сағыныш Сардарова 05 мау. 2025 17:53

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің атышулы ісі қайта қаралуы мүмкін. Бұл туралы Әбішев өзінің Facebook парақшасында хабарлап, жаңа құжаттар пайда болғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, 2022 жылы соттың екеуіне шығарған айыптау үкімі негізінен жалғыз куәгердің берген түсініктемесіне сүйенген. Енді соған мүлдем кереғар келетін ресми деректер қолдарына тиген көрінеді. Осыған байланысты Әбішев пен қорғаушылары Бас прокуратураға істі жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша қайта қарауды сұрап, ресми арыз түсірген.

Айта кетейік, 2022 жылдың қазанында Елжан Біртанов пен Олжас Әбішев 2018 жылы хорватиялық Ericsson компаниясымен жасалған құны 1,3 млрд теңгелік цифрлық платформаны «істемесе де қабылдап алды» деген айыппен кінәлі деп танылған еді. Сот шешімімен Біртанов бес жылға, ал Әбішев төрт жылға еркіндігінен шектелген болатын. Сондай-ақ екеуі мемлекетке келтірген шығынды бірге өтеуге міндеттелген.

Қазір Бас прокуратураның қандай шешім қабылдайтыны көпшілік назарында тұр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар