Бақытты отбасы қандай болады немесе ажырасқандардың бәрін кінәлаған дұрыс па?

Dalanews 15 қар. 2023 01:42 1552

Экономикалық зерттеулер институтының биылғы маусым айында жарияланған есебіне сенсек, Қазақстан некедегі ажырасулар саны бойынша әлемде екінші орында тұр. Әлбетте, дабыл қағатындай-ақ ахуал. Өйткені, ерлі-зайыптылардың ажырасуын қазақ қоғамы дұрыс бағалай бермейді. Тіпті, ажырасуға заңмен тыйым салу керек деген пікірлер де айтылып қалып жатады. Соңғы кездері кейбір азаматтар айыптаудан кінәлауға көшкен. Жуырда ғана журналист Меруерт Әйтенова «Еуразия» телеарнасының «Көреміз» бағдарламасында Қазақстандағы ажырасқан әйелдердің барлығын «қоғамның қоқысы» деп атап, оларды жек көретінін айтып қалды. Мұның соңы біраз дауға ұласқанын да білеміз. Себеп сол, ажырасқан әйелдер арамызда аз емес...

Осы тұрғыда тағы бір көзқарас бар – ажырасудың барлығын кінәлауға болмайды, бұл соншалықты жаман дүние емес. Кейде бұл ерлі-зайыптылардың бірі (кейде екеуі де) өзін бақытсыз сезінетін қарым-қатынастың аяқталуын білдіреді. Өкініштісі, мұндай келеңсіз қарым-қатынас кейде депрессияға ғана емес, ерлі-зайыптылардың және олардың балаларының психикасының бұзылуына, ауыр жарақаттарға, тіпті кісі өлтіруге немесе өз-өзіне қол жұмсауға әкелуі мүмкін.

Осы негіздегі соңғы оқиғалардың бірі тамыз айында ғана Түркістан облысында орын алғанын ұмыта қойған жоқпыз. Ол кезде отбасылық жанжалдан кейін күйеуін өлтірді деген күдікпен әйел ұсталды. 2021 жылдың қараша айында Алматыда 28 жастағы отбасылы келіншек үш кішкентай баласын 9-қабаттың терезесінен лақтырып жіберіп, кейін өзі секірген оқиға да резонанс тудырған қоғамда.

Осыған ұқсас оқиға 2023 жылдың сәуір айында көрші Өзбекстанда болған еді. Онда 9-қабаттағы пәтерде тұратын 27 жастағы келіншек үш баласымен терезеден секіріп кеткен. Төртеуі де көз жұмды. Бұған қоса, әйелдердің көпшілігі күйеуінің нақсүйерлерін өлтіргені үшін түрмеде отырғанын жиі естиміз.

Жылдың басында - ақпан айында Алматыда отбасылық жанжал кезінде 48 жастағы ер адам әйелін мылтықпен атып жіберіп, кейін өз-өзіне қол салғаны бар. Ал 2022 жылдың 3 қыркүйегінде Қызылордада ер адам үш баласының анасын асқан қатыгездікпен өлтірген. Ол әйелін алдымен арматурамен ұрып, кейін бірнеше рет пышақтап кеткен. Дәл осы айда Түркістан облысында әйелін зорлықпен ұрып-соққаны үшін сотталған ер адам бір аптадан кейін жансақтау бөлімінде қайтыс болды.

Экономикалық зерттеулер институтының бір басылымында мынадай мәліметтер бар: «Ажырасу экономиканы қалпына келтірудің оң көрсеткіші ғана емес, шын мәнінде экономиканы қалпына келтірудің қозғаушы күші болуы мүмкін. Атап айтқанда, тұрғын үйге сұраныс жоғарылайды (бұрынғы ерлі-зайыптыларға бір емес, екі үй қажет) және жұмыс істейтіндердің саны көбейеді (ажырасқан әйелдердің жұмысқа орналасуы және ұзағырақ жұмыс істеу ықтималдығы артады). Бір үйге қарағанда, екі үйдің керек-жарағының шығындары көптігі тағы бар. Осылайша экономика ілгерілейді».

Мінез-құлық сарапшысы, дағдарыс бойынша PR маманы Жанна Нұрсейітова да некенің бұзылуынан ешқандай кері әсер көріп тұрмағанын айтады. Бұл оқиғаны оның өзі де басынан өткерген. «Мен екі рет тұрмысқа шықтым. Бірінші және екінші некеде де үлкен махаббатпен үйлендім. Бірінші күйеуіммен 10 жыл бірге тұрдым. Жеті жылдан кейін мен ажырасу туралы ойлана бастадым. Біз ағалы-қарындастай болып кеттік. Бір-бірімізге қымбат адамдармыз, бірақ еркек пен әйел сияқты құмарлық пен махаббат болмады. Екінші некеде мен ажырасу туралы екі жылдан кейін ойлана бастадым, ол кезде біздің өмір салтымыз мүлдем басқаша және өмірге деген көзқарасымызда бөлек екені белгілі болды. Құндылықтары өзіңізге сәйкес келмейтін адамға шыдап, өміріңізді ысырап ету - ең жаман нәрсе», - дейді ол.

Нұрсейітованың айтуынша, бірінші жағдайда оған қызының ата-анасы арасындағы өзара махаббатсыз жағдайында өскенін қаламауы қосымша түрткі болған. Өйткені, ол есейген кезінде бейсаналы түрде отбасылық қарым-қатынастың таныс үлгісін жаңғыртуға тырысады.

«Біз ойымызды көп ұзамай жүзеге асырдық, ажырасқаннан кейін де әрқайсысымыз махаббатымызды таптык. Қызымның әкесі қазір отбасылы, бір ұлы бар. Олар бақытты өмір сүріп жатыр», - дейді сарапшы.

Екі жағдайда да Жаннаның ажырасуы ата-анасы мен жақындарын қатты таң қалдырған. Өйткені, күйеуі оны ұрып-соққан емес, балағаттамайтын да, тіпті барлық керек-жарағымен қамтамасыз ететін. Сондықтан достары мен ата-анасы оның бұл әрекетін құптай қоймады, алайда, ол мұны істеді және кейін бұл шешіміне өкінген де жоқ.

«Қазір Қазақстанда ажырасулар бойынша үлкен статистика бар және бұл жақсы дер едім. Бұл адамдардың шыдамдылығын, негізінен әйелдердің бақытқа ұмтылғанын білдіреді. Жалғыз нәрсе, балалар психикалық жарақат алмас үшін ажырасуды дұрыс үйрету керек. Мен өзімнің қызықты да бай құндылығыммен өмір сүріп жатырмын. «Менде бәрі жақсы немесе жаман деп айта алмаймын, алайда некемді өшпенділік пен жиіркенішті жағдайға жеткізген емеспін», - деп түйіндеді Жанна Нұрсейітова сөзін.

Ал Бақытгүл (аты өзгертілді) 2020 жылы үш жыл бойы кездесіп жүрген адамына зор сүйіспеншілікпен тұрмысқа шықты. Алайда, үйлену тойынан кейін қиындықтар басталған. Жүкті кезінде ол күйеуінің басқа әйелдермен хат жазысып отырғаны байқап қалған. Онысымен қоймай, жары оны қорлап, келеке ете бастаған.

«Сосын ұрыс-керіс жиіледі отбасымызда. Ол менің жүкті кезімде-ақ басымнан, қолымнан ұратынды шығарды. Босанғаннан кейін баламды емізіп жатқанымда, бүкіл денемді және кеудемді тепкілеп тастады. Ол менің семіздігімді айтып, үнемі қорлайтын», - дейді әйел.

Бақытгүл соңғы ұрыс-керістен соң, күйеуінің кінәсінен қызы екеуі ауруханаға түсті. Сәбиге ота керек болды. Ал ол кезде күйеуі бір қызбен кездесуге барып, гүл сыйлап жүрген. Осының бәріне қарамастан, күйеуінің туыстары қай кезде де оның жағында болды, күйеуінің әрекетіне үнемі сылтау іздеді. Содан кейін әйел ажырасуға бел байлады.

«Ажырасқаннан кейін бәрі жақсы болды, мен жұмыс істей бастадым, жоспарларымды жүзеге асыруды қолға алдым, өзіме көбірек уақыт бөлетін болдым, жағдайымды жасадым, көлік сатып алдым, пәтер сатып алуды жоспарладым», - деді кейіпкеріміз.

Светлана Григорьева болса, 26 жасында тұрмыс құрған. Ол да өз еркімен, жүрек қалауымен шаңырақ көтерген. Осы уақытқа дейін ол өзін маман ретінде танытып, сұлулық орталығы директорының орынбасары қызметін атқарып, жақсы ақша тауып жүрген еді. Күйеуімен 10 жыл бірге тұрды, бірақ осы кезеңнің соңында ол оны тастағысы келді.

«Бұл шешіміме күйеуімнің жалқаулығы себеп болды. Мен үшін ер адамның өз отбасының әл-ауқатын жақсартуға тырысуы және оның өмірінің барлық аспектілеріне белсенді қатысуы маңызды. Бірақ мен мұны көрмедім. Он жыл бойы пәтеріміз де, көлігіміз де болмады. Табысты отбасының қасиеттері қандай? Барлығы шағын сатып алулармен шектелді. Мен көп нәрсені қалап, күйеуімнен де көп ақша таба бастадым. Керісінше, жұмыстан шығып, ішімдікке салынып кетті. Ол үнемі үйде отырды, тіпті балаларға қарауды да қойды. Бірге өмір сүруді жалғастыру мағынасыз болып қалды», - деп атап өтті Светлана.

Айтуынша, ажырасқанына еш өкінбейді. Өзіне ғана емес, балаларына да көбірек уақыт бөлетін болған. Сонымен қатар ол балаларға әкенің, ер адамның керек екеніне сенімді, сондықтан да ешқашан балаларына әкесін көруге тыйым салған емес, керісінше, мұны құптайды.

Гендерлік саясат және стратегиялық даму жөніндегі сарапшы, сондай-ақ «Қазақ отбасы-2019» ұлттық баяндамасының тең авторы Аида Әлжанова социологиялық сауалнамасының нәтижесімен бөлісті. Қазақстанда ажырасудың басты себебі - туыстарының араласуынан деп санайтындар елімізде 62 пайызды құрайды екен. Екінші маңызды фактор – рұқсат беру мен моральдық шектеулердің болмауы, үшінші орында – отбасы институтындағы дағдарыс.

«Ерлі-зайыптылардың екеуі де экономикалық белсенді және бір-біріне тәуелсіз бола алатын жағдайда ажырасу - қалыпты құбылыс. Сондықтан отбасын біріктіретін басты құндылық – ортақ мүдделер мен өзара сыйластықтың болуы, сондай-ақ отбасы мен балаларды тәрбиелеуде жауапкершілікті өз мойнына алуға дайындығы. Өкінішке қарай, отбасы институты құндылықтарының заманауи түсіндірмесі отбасында біреу басты, ал екіншісі басшыдан кейінгі кезекте тұруы керек деген дәстүрлі идеялар мен стереотиптермен астасып жатыр», - деп атап өтті Әлжанова.

Қазіргі әлемде патриархалдық емес, теңдікке негізделген қарым-қатынастары бар отбасылар ең тұрақты отбасы болып саналады. Мұндай тәсіл келіссөздер жүргізу, бір-бірін тыңдау және конструктивті және ымыраға келу шешімдерін табуды талап етеді. Тең құқықтар мен білім беру мүмкіндіктері бар отбасындағы гендерлік рөлдер туралы стандартты идеялар еңбек нарығында және үй шаруашылығының міндеттерін бөлуде гендерлік теңсіздікке әкеледі.

«Отбасындағы тирандар сырттан пайда болмайды, олар да гендерлік стереотиптер мен немқұрайлылықтардың жемісі, көбінесе балалық шақта қалыптасады. Ұлдар көбінесе шешім қабылдайтын, тәртіп орнататын және отбасын жазалайтын отағасы рөліне мәжбүрленеді. Бұл бейнені көбіне ер адамдар тарапынан психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшыраған аналар береді», - деп атап өтті сарапшы.

Ол сонымен қатар урбанизация сияқты қазіргі демографиялық тенденциялар адамдарды индивидуализмге итермелейтінін айтты. Себебі, қарттықты қамтамасыз ету үшін көп балалы болу қажет емес. Оның үстіне, қалада бала тәрбиесі ауылдық жерлерге қарағанда қымбатқа түседі.

Ажырасуға өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы да әсер етеді, бұл жаңа демографиялық тенденцияның - сериялық моногамияның пайда болуына ықпал етеді, адамдар өмірінде бірнеше рет некеге тұрса, олардың мүдделері мен құндылықтары уақыт өте өзгеруі мүмкін.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда 2022 жылы некені тіркеу органдары 128,4 мың некені тіркеген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 8,5 пайызға аз. Сонымен қатар ажырасулар да азайған. 2021 жылмен салыстырғанда олардың саны 7,7 пайызға азайып, 44,5 мың ажырасуды құрады. Бұл ретте 33,2 мың ажырасу (74,6 пайыз) қалада, 11,3 мыңы (25,4 пайыз) ауылдық аймақтарда орын алды. Ажырасулардың ең жоғары деңгейі Астана қаласында байқалды, онда 1000 тұрғынға шаққанда 3,24 жағдай, ең төменгісі Түркістан облысында – 1000 адамға 0,98 жағдай, яғни мың некеге 347 ажырасудан келеді.

Жарбол КЕНТҰЛЫ

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар