ҚР Ұлттық Банкі ел экономикасындағы долларландыру процесі мен инфляцияны тежеуге жең түре, шындап кіріспек. Осы мақсатта реттеуші орган "Ақша-кредит саясатының құралы түріндегі минималды резевтік талаптар: халықаралық тәжірибе мен қолдану ерекшеліктері" тақырыбында аналитикалық материалды жариялады. Оған сәйкес, фискальдық саясатты қатаңдата отырып, минималды резервтік талаптарды (МРТ) қайта қарау қажеттігі ұсынылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Минималды резервтік талаптардың долларландыруды ырықтандыруға қандай қатысы бар? Мұны түсінікті тілмен жеткізу үшін сарапшылар пікірін ұсына кетелік.
Экономист Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, МРТ - банктердің Ұлттық Банкте сақтауы міндетті резервтерінің белгіленген ең аз көлемі. Ол үш негізгі функцияны орындайды:
- Ақша нарығын тұрақтандыру: өтімділікті, инфляцияны және несиелеу қарқынын бақылау.
- Жүйедегі тәуекелдерді азайту: банктердің тұрақтылығын нығайту.
- Ақша-несие саясатын қолдау: қолжетімді несиелер көлемін реттеу.
Бастапқыда МРТ қатаң макропруденциалды құрал ретінде қызмет етті, бірақ 2015 жылдан бастап (инфляциялық таргеттеуге көшу) оның рөлі ақша-кредит бөлігін реттеуге ауысты. 2019 жылы қорландыру құрылымы оңтайландырылды, ал нормативтер қазір теңге түріндегісі 0-2%-ға және валюта түріндегісі 1-3%-ға дейін төмендеді. Алайда, қазіргі жағдайда МРТ-ның төмен деңгейі олардың тиімділігін төмендетіп, бұл өтімділіктің профициті мен несиелеудің өсімін бақылауды қиындатуда. Ұлттық Банк Қазақстанның МРТ көлемі елеусіздеу өңірдегі жалғыз ел болып табылатынын нақтылайды. Арменияда, Беларусьта, Қырғызстанда, Ресейде және Өзбекстанда олар ұлттық жағдайларға бейімделіп, белсенді және икемді қолданылады.
Халықаралық тәжірибе де көрсетіп отырғандай, МРТ-ны қатаңдату несиелеуді тежемейді, керісінше артық өтімділікті сіңіруге, ставкаларды тұрақтандыруға және ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға көмектеседі. Қазақстан жағдайында, атап айтқанда, жоғары базалық мөлшерлеме және экономиканың өтімділігін жабуға жұмсалатын айтарлықтай шығындар жағдайында олардың ақша-несие саясатындағы рөлін күшейту және қаржылық тұрақтылықты нығайту үшін МРТ тетігін реформалау қажет.
"Шын мәнінде, МРТ-ны қатаңдату тұрғысында қайта қарастыру туралы ұсынысты сарапшылар қауымы, соның ішінде біз де бұрыннан айтып келеміз. Әсіресе, бұл ЕДБ тарапынан халыққа кредит беру көлемінің күрт өсуінен кейін өзекті бола түсуде. Сондықтан, МРТ-ны инфляция және жүйелік тәуекелдерді төмендету бойынша Ұлттық Банктің ақша-несие саясаты мақсаттарына бейімдеу және реформалау қажеттігі мәселесі әлдеқашан пісіп-жетілген", - деп санайды ол.
Қазақстан миноритарлық акционерлер қауымдастығы Ұлттық Банк экономикадағы ақша мөлшерін жақсылап бақылау үшін банктердің ережелерін өзгертуді жоспарлап, бұл арада банктер несиелендіруде пайдаланбауы тиіс, яғни "резервте" ұстауға міндетті ақша - минималды резервтік талаптар (МРТ) деп аталатынын құрал туралы сөз болып отырғанын айтады.
"Қазір Қазақстандағы банктер өз ақшасының өте аз пайызын — 0%-дан 3%-ға дейінгі көлемдегісін резервте ұстайды. Аймақтың басқа елдерінде, мысалы, Ресейде, Беларусьта және Өзбекстанда бұл сандар әлдеқайда жоғары: жергілікті валюта үшін 4-4,5% және шетел валютасы үшін 15%-ға дейін деңгейде. Енді Ұлттық Банк осы секілді банктердің резервте көбірек ақша ұстауы үшін талаптарды қатаңдатуды жоспарлап отыр", - дейді қауымдастықтағылар.
Ұлттық банк мұның қажеттілігін былай түсіндіреді:
- Банктерде бос ақша тым көп: Қазақстанда қазір банктерде бос ақша көп. Бұл дегеніміз, олар оп-оңай әрі шектеусіз несие бере береді, сөйтіп инфляцияны күшейтіп, бағаларды өсіруі мүмкін.
- Көрші елдердің тәжірибесі: басқа елдерде жоғары мөлшер бұрыннан қолданылып келеді және бұл экономиканы бақылауға жақсы көмектеседі. Ұлттық Банк олардың тәжірибесін зерделеп, Қазақстанның да осы бағытта әрекет көшетінін уақыты келді деп шешкен.
- Инфляциямен күрес және тұрақтылық: тұрақсыз әлемдік экономика жағдайында бағалар өсімін тежеуге және қаржы нарығында тұрақтылықты сақтауға көмектесетін құралдардың болуы маңызды.
Бұған дейін сайтымызда "Инфляция болжамды көрсеткіштен асып түсіп, сарапшылар шу етті" деген мақала жарияланған болатын. Онда 2025 жылы қаңтардағы дерек бойынша, Қазақстандағы инфляция 8,9% құрағаны айтылады. Бұл цифр болжамды көрсеткіштерден де жоғары болып, сарапшылар дер уақытында шара қабылдамаған Ұлттық банкті айыптады. Ал Ұлттық банк елімізде тоқтаусыз өсіп жатқан тұтынушылық несие бұған себеп екенін айтқан еді.