Саясаткер Әміржан Қосан Ресей мен Әзірбайжан арасындағы шиеленіске байланысты пікір білдірді. Оның сөзінше, Бакудің батыл қадамдары постсоветтік кеңістікте жаңа саяси дәуірдің бастауы болуы мүмкін. Сонымен қатар ол кейінгі уақытта Мәскеудің бұрынғы үстемдігіне көнбейтін жаңа ұстаным қалыптасып келе жатқанын алға тартты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Осы күндері орын алған Әзірбайжан мен Ресей арасындағы қақтығыстың тарихи түбі тереңде жатыр. Кезінде 15 ұлттық республиканың (ішінде Қазақстан да бар) басын біріктірген Совет Одағының өзіндік идеологиясы болды. Оның негізінде таптық, коммунистік тұғырнама жатса, ұлттық саясатты "біртұтас совет ұлтын құру" идеологиясы құрады. Миллионнан астам тұрғыны болған Алматыда бір ғана қазақ мектебінің болуы – соның айғағы. Ондай теперішті басқа да ұлттық республикалар көрді.
Мемлекеттік, тіпті тұрмыстық деңгейде Мәскеу тарапынан шовинистік көзқарас болғаны да рас. Мәселен, Мәскеуде әскери қызмет қатарында болған 19 жастағы біздер славян ұлты өкілдерінің Орталық Азия мен Кавказ республикаларынан келген солдаттарды "чурка", "чурбан" деп мазақ еткенін де көргенбіз", - дейді ол.
Саясаткер Ресейде "ұлыресейлік шовинизм" әлі де бар екенін және бұл үрдіс Екатеринбургтегі қақтығыста да байқалғанын айтады. Оның пікірінше, ұлтаралық қақтығыстың артында міндетті түрде мемлекетаралық астар жатады.
"Әрине, нақты қылмыстық іс болса, оны әділетті түрде тергеп, кінәлі адамдарды ұлтына қарамастан жазалау керек: мейлі ол әзірбайжан болсын, мейлі ол орыс болсын.
Алайда кез келген ұлтаралық қақтығыстың міндетті түрде мемлекетаралық астары болады.
Осы тұрғыдан алғанда ресми Бакудің үнсіз қалмай, өз қандастарын кешегі метрополия – Мәскеудің қабағына қарамай, ашықтан-ашық қорғауға көшкені постсоветтік кеңістіктегі батыл қадам деп санаймын.
Әлиевтің мұндай мінез танытуы, әрине, постсоветтік кеңістікте "ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс" саналып, өз әмірін жүргізуге еті үйренген Путинге ұнамағаны айтпаса да түсінікті. Әйтпесе бұған дейін де Ресей билігі тарапынан басқа да ұлттарға қарсы неше түрлі ксенофобиялық, шовинистік акциялар болып тұрды ғой. Оларға қатысты кешегі совет республикалары, бүгінде тәуелсіз елдер басшылары қатты дауыс шығара алмады: оның өзіндік геосаяси, экономикалық және тағы басқа себептері болды, әлі де бар", – дейді ол.
Саясаткер Бакудің Ресейге қатысты қатаң шараларын да мысалға келтірді.
"Өткен жылдың желтоқсанында Azerbaijan Airlines (AZAL) ұшағының апатынан соң Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевтің Ресейді айыптап, Путиннің өзі кешірім сұрағанынан кейін, сөз жоқ, постсоветтік кеңістікте Мәскеумен диалог жүргізу стилі өзгерді. Оны да ресей жағы мойындауы керек.
Бүгінде екі ел арасындағы жағдай тіпті ушығып барады. Бакудегі "Русский дом" жабылды, кремльдік пропагандос "Sputnik"-тің шынайы бет-пердесі ашылып, әзірбайжан жағы ол агенттікке үлкен айыптар тағып жатыр. Екі ел арасында бұрын жоспарланған ресми кездесулер мен жиындар болмайтын болды", - деп қосты ол.
Қосан Әлиевтің осындай шешімдерінің артында ішкі және сыртқы факторлар тұрғанын жеткізді.
"Ішкі себептеріне келсек, Әлиев, сөзсіз, автократ (билікке династиялық негізде келіп, кетпей отыр). Десек те ол ұлттық мүдде идеясын басшылыққа алып (Қарабақты Армениядан қайтарып алуы, Ресейдегі қандастарын ашық-ашық қолдау), өз электоратының көңлін тауып отырғанын мойындау керек.
Сыртқы себептерге келсек, Әзірбайжанның Түркия секілді державамен тығыз байланысы, оның сыртқы алаңдағы қимыл-әрекетіне өз әсерін тигізбей қоймайды деп санаймын", - дейді ол.
Саясаткердің пікірінше, қақтығыс ушықса да, тараптар арасындағы стратегиялық мүдделер ат құйрығын кесісуге жол бермейді.
"Әзірбайжан Ресейге керек. Өйткені батыс санкциялары тұсында қиналып қалған ол Әзірбайжан арқылы келетін екіжақты тағайындауы бар (әскери-өнеркәсіп кешеніне қажет) тауарларға мұқтаж. Оған қоса, Ресейдің Иран мен Парсы шығанағы елдерімен логистика жолында Әзірбайжанның маңызы зор.
Ресей Әзірбайжанға керек, өйткені газын Еуропаға жөнелтіп жатқан Әзірбайжан өз нарығын толықтыру үшін газды Ресейден алады. Оның үстіне, Әзірбайжанның Ресеймен 340 шақырым ортақ шекарасы бар, ол жағын да ескерген абзал", - деді ол.
Ол мұндай жағдай басқа да постсоветтік елдер үшін үлкен сабақ болуы тиіс екенін айтады.
"Не болса да, Баку мінез танытты, ал Мәскеу онымен санасуға мәжбүр. Бұл дегеніңіз Мәскеудің аузына қарап қалған басқа да постсоветтік елдерге үлкен ой салатын жаңа тренд, жаңа тенденция", - деп қосты ол.
Сондай-ақ Қосан Ресейдің постсоветтік кеңістіктегі ықпалының әлсіреуін Украинаға қарсы соғысымен байланыстырады.
"Өйткені Ресеймен көршілесі кез келген мемлекет өзін Украинаның орнына қойып, болжам жасай алады. Ресей болса, соғысты тоқтатудан бас тартып отыр. Олай болса, бұл үдеріс өз жалғасын таба береді деп санаймын", - деп түйіндеді ол.