ҚР Жоғары аудиторлық палатасы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (ӘКК) қызметін және олардың өңірлердің дамуына әсерін тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тексеру ӘКК құрылымдарында проблемалар мен кемшіліктер жинақталғанын көрсетті. Мұндай жағдай олардың жұмысын тұтас үйлестіру мен регламенттеудің, Ұлттық экономика министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар тарапынан тиісті реттеудің болмауына байланысты қалыптасып отыр.
Мәселен, ӘКК мемлекеттік жоспарлау жүйесіне интеграцияланбаған. Олардың даму жоспарлары номиналды сипатқа ие және сыртқы бағалауға жатпайды, ал қызметі әкімдіктердің тиімділігін бағалауға әсер етпейді.
Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы ҚР ҰЭМ уәкілетті мемлекеттік орган ретінде ӘКК жұмысында тәртіп орнатуға тиіс екенін атап өтті.
«ӘКК нақты немен айналысуы керек екенін анықтап, бірыңғай тәсіл әзірлеу қажет. Оларды даму институттары дей аламыз ба? Өңірлердегі әлеуметтік рөлі қандай? Инвестиция тартуда қандай рөл атқарады? Қандай құралдарды қолдануы керек? Қарыз беруде қандай қағидаларды ұстанады? Бірыңғай ұстаным қалыптастыру қажет», - деді Әлихан Смайылов.
Ол қазір ӘКК өздері қажет деп санайтын барлық мәселемен айналыса алатынын атап өтті.
«Өңірлердегілер білгенін істеп отыр. Көп жағдайда бұл тіпті Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді», - деді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы.
Аудиторлық қорытындыға сәйкес соңғы 5 жылда ӘКК-ге барлығы 528 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты берілген, оның ішінде 288 млрд теңгеден астамы кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеуге арналған. Алайда өңірлердің дамуына әсер ететін инвестициялық жобаларды іске асырудың орнына іс жүзінде ӘКК өздеріне түсетін қаражатты банктегі депозиттерге орналастырады.
Сонымен қатар мемлекеттік қаржыландырудың өсуіне қарамастан, ӘКК жүйелі түрде шығынмен жұмыс істейді. Тексерілген ӘКК бойынша жинақталған шығын 2020 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың басында 7 есе өсіп, 209 млрд теңгеден асып түсті.
Дивидендтер төлеу тұрақсыз сипатқа ие. Мысалы, 2024 жылға ӘКК-ден түскен жалпы сома 0,5 млрд теңгеден аз, бұл 2023 жыл қорытындысымен салыстырғанда 4 есе аз.
Аудиторлар ӘКК жеке кәсіпкерлерге қолдау көрсету арқылы таза коммерциялық жобаларға жиі қатысатынын атап өтті.
Мәселен, «Ертіс» ӘКК инвестициялық жобалар деген атаумен 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй құрылысын іске асырып жатыр, мұнда аудит барысында 3,3 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды.
«Aqjaiyq» ӘКК-ге инвестициялық жобаларды іске асыру үшін жер учаскелері берілген, нәтижесінде олар игерілмеген не басқа коммерциялық мақсаттарға қайта бағдарланған.
«Ақтөбе» ӘКК соңғы 3 жылда жалғыз жеке компанияның өндірісін кеңейту үшін несие берген. Тұтастай алғанда, ол мемлекеттен жалпы сомасы 11,2 млрд теңгеге қарыз және субсидия алған. Ал несиені мақұлдау бойынша Жобаларды іріктеу жөніндегі комиссияның құрамына осы фирмаға қатысы бар тұлға қосылған, несие бұзушылықтармен әрі кепіл алмастан берілген.
«Семей» ӘКК-де жобалар қаражатты тез игеру үшін тиісті бағалаусыз және талдаусыз іріктеледі.
Тұрақтандыру қорларын тексеру барысында өнімдердің тиісінше сақталмайтыны, ассортименттің шектеулі екені, сондай-ақ тұрақтандыру қорлары сұранысы төмен тауарлардан тұратыны анықталды.
Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өңірлік тұрақтандыру қорларын басқарудағы, сауда-сатып алу қызметіндегі және кәсіпкерлерді «айналым схемасы» бойынша кредиттеудегі тиімсіздігі оларды азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал ете алмайтындай етеді.
Мемлекеттік аудит барысында:
- 138 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар;
- 14,5 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғаны;
- 33,6 млрд теңге бюджет қаражаты мен активтердің тиімсіз пайдаланылғаны анықталды.
14 факт бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына беру жоспарлануда.
