Аида Балаева Нұржас Садырбаевты халықаралық жобадағы жеңісімен құттықтады

Ақтоты Жапатова 24 сәу. 2026 10:19

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандық әнші Нұржас Садырбаевты «Voice Beyond Horizon» жобасындағы жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Министр өз құттықтауында Нұржастың таланты, еңбегі мен сахнадағы шеберлігі халықаралық деңгейде жоғары бағаланғанын атап өтті.

«Қазақстандық талантты әнші Нұржас Садырбаевты “Voice Beyond Horizon” халықаралық жобасындағы жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймын. Нұржастың таланты, еңбегі мен сахнадағы шеберлігі әлемнің әр елінен келген қатысушылар арасында ерекше танылып, лайықты түрде жоғары бағаланды», – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, Димаш Құдайберген бастамасымен жүзеге асқан жоба Түркістан қаласында басталып, Ақтау мен Алматыда жалғасып, елордада қорытындыланған.

Жоба аясында Қытай, Қазақстан, Малайзия, Сербия, Италия және Қырғызстан елдерінен келген қатысушылар Қазақстанның киелі жерлерін аралап, халқымыздың мәдениетімен, тарихымен және табиғатымен танысқан.

Сондай-ақ Аида Балаева жас өнер иесіне алдағы уақытта жаңа шығармашылық табыстар тіледі.

«Қазақ өнерінің көкжиегі кеңейе берсін!» – деп түйіндеді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove