Мемлекет басшысы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдады

Ақтоты Жапатова 01 жел. 2025 19:45

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевті қабылдап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Алматы агломерациясын дамыту жоспары туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Кездесуде ел Президентіне өңір экономикасының соңғы жылдардағы негізгі көрсеткіштері баяндалды. Әкімнің айтуынша, соңғы үш жылда Алматы облысының жалпы өңірлік өнімі 1,8 есе өсіп, 3,4 трлн теңгеден 6 трлн теңгеге дейін ұлғайған. Биылғы қаңтар–қазан айларындағы қысқа мерзімді экономикалық индекс 109,7 пайызды құрады.

Облыста халықаралық компаниялардың қатысуымен тағам өнеркәсібі, логистика және металлургия бағыттарында жалпы құны 470 млрд теңгеден асатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сұлтанғазиев өңдеу өнеркәсібінің экспорты биылғы тоғыз айда 28,5 пайызға артып, 618,5 млн долларға жеткенін атап өтті. Экспорттың 90 пайызы жоғары деңгейде қайта өңделген өнімдерден тұрады.

Алматы облысы ауыл шаруашылығына арналған мемлекеттік субсидияларды тиімді пайдалануда көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Бір теңге субсидияға 17 теңгеге дейін ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілуде. Тауарлы сүт фермаларының саны 11-ге көбейген.

Әлеуметтік даму бағытында биыл он айда шамамен 950 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Үш ауысымды мектептердің саны 52-ден 28-ге дейін қысқарды.

Кездесу барысында облыстағы туризм саласының дамуы да талқыланды. Қапшағай су қоймасы мен ұлттық парктер аумағындағы туризм кластерін дамыту жұмыстары жүргізілуде. Өңірге келген туристер саны 2,2 млн адамға жетіп, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 36 пайызға артқан.

Мемлекет басшысы Марат Сұлтанғазиевке өңірдің өнеркәсіп және аграрлық әлеуетін нығайту, логистика, туризм салаларын дамыту, сондай-ақ тұрғындарды толғандыратын өзекті мәселелерді кешенді түрде шешу жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар