Алматыда аялдама маңында зейнет жасындағы әйелге белгісіз ер адам шабуыл жасаған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға Бостандық ауданында болған. Мәліметке сәйкес, 66 жастағы әйел автобус аялдамасында автобус күтіп тұрған кезде белгісіз жас жігіт артынан келіп, себепсіз оған күш көрсеткен.
Жәбірленуші ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
Оқиға туралы жәбірленушінің қызы әлеуметтік желіде жазба жариялап, болған жағдайды баяндады.
"Бұл видеоны көру қиын, бірақ оны көру керек. Мен мұны қаралым үшін жариялап отырған жоқпын. Кінәлі адам жазасыз қалмасын деп, барынша көп адам білсін деймін. Бүгін бұл менің анаммен болды, ертең кез келген әйелдің басына түсуі мүмкін", – делінген жазбада.
Полиция аталған факті бойынша арызды қабылдап, тексеру жұмыстарын бастаған. Құзырлы орган өкілдері күдіктіні анықтап, заң аясында тиісті шара қолданатынын мәлімдеді.
