Еуропалық Одақ алғаш рет Қырғызстанға Ресейге жанама қолдау көрсетті деген себеппен санкция енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Брюссель жиырмасыншы санкциялар пакеті аясында шектеулерді айналып өтуге қарсы арнайы тетік іске қосты. Оның мақсаты – үшінші елдер арқылы Ресейге технология мен жабдық жеткізу арналарын жабу. Осыған байланысты енді Қырғызстанға Еуропадан бірқатар стратегиялық маңызы бар тауарларды экспорттауға толық тыйым салынады. Тізімге цифрлық басқару жүйесі бар станоктар, телекоммуникациялық жабдықтар және байланыс жүйелері кірген.
Еурокомиссия мұндай шешімді бұл өнімдердің Ресейге қайта жөнелтілу қаупі жоғары болуымен түсіндірді. Соңғы жылдары Қырғызстан Ресейге тауар жеткізетін негізгі транзиттік бағыттардың біріне айналған. Бұған экспорт көлемінің бірнеше есе өсуі дәлел ретінде келтіріліп отыр.
Сонымен қатар, көрші елдің бірнеше банкі де қара тізімге енді. ЕО дерегінше, олар криптобиржалар арқылы рубльге байланған цифрлық активтерді пайдаланып, халықаралық есеп айырысу жүргізген.
Сарапшылар алдағы кезеңде мұндай қысым Ресеймен тығыз экономикалық байланыстағы өзге мемлекеттерге де таралуы мүмкін екенін айтады.
