Аян арқылы қонған қасиет (қаз-қалпында)

Dalanews 01 мам. 2023 05:03 1350

Жуырда  денсаулық  сыр беріп, аяқ астынан бел омыртқадағы өспе (грыжа) ауруым қайталап  қатты ауырдым. Оң жақ бүйрегім  қатты ісіп кеткендей болып, мықыннан тартып ашып ауырғанда  мүлдем оң жақ аяғымды баса алмай  аптадан аса уақыт  төсекке таңылдым. Өз бетімше отырып тұру, қимыл қозғалыс жасау, әдеттегідей дастархан басында  отырып бір кесе шәйді ішудің өзі  мұң болып, сөздің қысқасы, өз қолым өз аузыма жетпей қалды... 

Аудандық ауруханаға  барып ем-домын алғаныммен  уақытша әсер беріп, дегендей сауығып кете алмадым. Оң жағыма қисайған қалыпта, аяқты сылти басатын болдым, киім киюдің машақаты бір бөлек, сөйтіп,  күннен-күнге аурудың азабы жаныма қатты батты.

Содан,  «Сұрай-сұрай Меккеге  де  барасың...» деген  үлкендердің тәмсіліндей  інім Қалибек арқылы  Астанада  халық медецинасымен  емдейтін Фатима  әпкей басқаратын  емдеу орталығының  мекен жайын таптық.  Көптен бері ауруы жанына батып жүрген келінім  Айзада екеуміз  көп ойланбастан  поезға билет алып тартып кеттік.  Астананың «Нұрсұлтан-1» теміржол бекетінен құда бала Талғат, сүйкімді қызы Нұрай екеуі құшақ жайып қарсы алды.

Он күн бұрын  жазылған кезегімізге бір сағат уақыт қалғанда  аталмыш, Сейітбекова  Фатима Сағынбекқызы басқаратын  «Ай» денсаулық сақтау  орталығына (Астана, Б.Момышұлы-23) келіп,  кішкентай ғана сүйкімді,  талдырмаш  қыз Мадинаның  қабылдауында отырдық.

Көптен күткен кезегіміз де келді. Өзін «Айжан» - деп таныстырған  дөңгелек жүзді, әдеміше келген, көзі ботаның көзіндей  толықтау келіншектің соңынан  еріп  аяқты сылти басып жүре бердім. Өзіммен бірге алып барған рентген диагнозы жазылған және    невропатолгтың  емдеу тағайындаған қағаздарын ұсындым. Ол қағаздарымды шетке ысырып қойды да:

--- «Біздер диагнозды өзіміз қоямыз...» деп, ауруларға  лайықталған арнайы үстелге етпетімнен жатқызып,  жұмысына кірісті. Күбірлеп айтқан дұға сөздері еміс-еміс құлағымда,  құймышақ сүйектен бастап, сегізкөз, шүйдеге дейінгі арқа омыртқаларымды, содан кейін екі жаурынның асты  мен екі бүректің айналасын  қолдарының ұшымен асықпай жүргізіп шықты. Қолының биотогы бар екені бірден сезілді. Қағаз бен дәптерін ашып белгілеп отырды да, болған соң, сыпайы ғана жымиып:

--- Киініңіз - деді.

Одан соң қасындағы үстелге шақырып, отырған соң екі жерден жаңа өспенің  (грыжа)  басталғандығын, ал, бел омыртқадағы өспеге кемінде 5-6 жыл болғандығын және қосымша асқазанның дұрыс жұмыс жасамайтындығын,  жүрекке  барар қан тамырдың,  жүйке талшықтарының қысылуы  әсерінен алқыну бар екендігін, тағы басқа да  ауру белгілерін байқағандығын  мұқият  түрде қолмен қойғандай етіп айтып берді. Таза қазақы, қарапайым  тілде, психологиялық тұрғыдан да өте сауатты түрде  қызмет көрсеткені таң қалдырды.

Әлгі күнделікті біздер емхана, ауруханада көріп жүрген – ауру көрсе жиырылып, шекеден қарап суық қарсы алатын, алдына келген науқастан гөрі крахмалға қатырылған ақ халатын көп қаққаыштай беретін «заманауи дәрігерлерге» (әрине, бәрі деп отырған жоқпын) мүлде ұқсамайды. Одан қалса,  өзінен басқа ешкім түсінбейтін «шимай шатпақты»  бар  ынтасын салып «білгіш дәрігер кейіпте» толтыратын, пәлен мың теңгеге керек, керек емесіне қарамай дәрі жазып беретін,  амал болса ертең немесе «Үш күннен кейін кел!» - деп, тыжырынып шығарып салатын базбіреу «дәрігерлер» сияқты емес... Бұл жағдаятты тәні ауырып, дәрігердің кезегін сағаттап  сарыла күткен, жанына шипа іздеп барып  тауы шағылып қайтқан,  жұмыр басты пенделердің бәрі бірден түсінеді ғой - деп ойлаймын.

Содан не керек:

--- Қарсы болмасаңыз, емдеу шараларын бүгіннен бастайық- деді, сабырлы қалпында.

Мен, бірден келістім. Және бір таң қалғаным, мың-мыңлап  ақшаға сатып алатын – өкіл, дәрі, система іздеп дәріхана аралап тентіреген жоқпын. Тек қана  қолмен уқалап (массаж) емдеу тәсілдерін қолданады екен. Бағалары да қолжетімді. Жағдайыңды айтсаң бағасын  да  түсіріп береді. Біздегідей сазарып, қатып-семіп қалған ештеңе жоқ. Кәдімгі алдына  келген  аурудың жай-күйін адами тілде түсініп,  қас-қабағына, жағдайына қарап, қызмет жасаушы нағыз «Ақ халатты, абзал жандар!» екен.  Басқа бір әлемге тап болғандай болып, іштей таңданғаным  сонша, 3-4 күнге дейін өз көзіме өзім сенбей жүрдім.

Жоқ, уақыт өте келе сенбеске лажым қалмады. Және осы мекеменің басшысы Фатма әпкейдің өзінің  қан қысымы қатты көтеріліп тұрса да, кезек күтіп отырған біздерге келіп:

«... Денсаулығының болмай тұрғанын, сонда да 3-4 адамды, аурулары ауыр деген, қабылдайтынын және басқа кісілердің түсіністікпен қарауларын өтініп сұрағаны да», адагершілікті пір тұтқан тәрбиелі, текті  жан екендігін айтпай-ақ түсіндіріп өткендей болды.

Алғашқы таныстықтың өзінде-ақ, жарқылдай сөйлеген ашықтығы мен қарапайымдылығы бірден ұнады. Әрбір нақты дәйектер келтіре сөйлеген сөзінен адам ағзасының  білгірі, өз ісінің шебері екендігін айтпай-ақ түсінесіз. Себебі, саусақ ұштары арқылы  ауруыңыздың қай жерде екенін, денеңіздегі қай ағзамен байланысы барын және қандай кері әсері бар екендігін де көзбен көріп, қолына ұстап тұрғандай  дәл айтып, диагнозды  қояды. Сөз ыңғайынан байқағанымдай Фатима әпкейге   бұндай ерекше емшілік қасиет қан мен ататек арқылы берілген  екен.

Қай кезде барсаңыз  да нәзіктігі мен еркелігі  өн бойына жарасқан, кішкентай ғана жүзі жылы Мәдина қыз күлімдеп қарсы алады. Күні бойы - Шымкент, Тараз, Ташкент, тағы басқа Қазақ елінің әр түкпірінен келген кішкентай бүлдіршіннен бастап, егде тартып таяққа сүйенген барша  науқастарға құрақ  ұшып қызмет жасап жүргені.

Ал, Айжан емшінің биотогы бар қолдары жасаған емдеу шарасынан кейін денең сергіп, ауруды ұмытасың. Кеудең даладай болып, тынысың кеңейіп жаның шіркін бір жадырап қалады. Бірде, кезекті емдеу шарасынан кейін жазу үстелінің үстіндегі  түрлі-түсті  қағаздарға көзім түсті. Жәйлап алып оқып көрсем  «Алғыс хаттар» мен «Сертификаттар»  Ахметова Айжан Мұқашқызының адал еңбегінің нәтижесінде  әр жылдары алған марапаттары мен жетістіктері екен. Демек, өз ісінің  маманы деген сөз. Әрмен қарай ескі таныстардай сөзіміз жарасып, тіпті  бірге өскен құрдастай болып кеттік.

Жақын таныстықтың арқасында күннен-күнге Айжан емшінің мен білмейтін қырлары да ашыла бастады. Енді, қысқаша ғана журналистік зерттеумен  бұл кісінің емшілік  қызметіне қысқаша шолу жасап өтер болсақ,  біршама қызықты  тың  мәліметтерге қанық боласыздар.  Мәселен, Ахметова Айжан Мұқашқызы жәйден жәй адам емес  екен, ол кісі кәсіби «Халық емшісі». Бұл кәсіп саласына 2009 жылы түсінде аян беруі арқылы  келгендігі туралы өзі былай деп баяндайды:

«...Бірде түс көріппін. Түсімде аспаннан көп алтын жауған екен. Сол алтындарды көп қылып етегіме жинап алыппын. Бір ақ сақалды  ата келіп:

---«Балам, алтыныңды төк! Қолыңды жай бата берейін»- деді.

Мен жинаған алтынымды төгіп, қолымды жайдым.

--- «Қол жайғаның  ем болады, бүгіннен бастап адам емдейсің!»  деп,  жаңағы ата бата берді де ғайып болды» дейді, сол бір өмірінде  өшпестей із қалдырған ғажайып  тылсым кезеңді есіне алып, баяу  күрсінген емші.

Сәл үнсіздіктен соң, арқама сұйық  майды сеуіп алды да   әңгімесіне қайта кірісті:

Мен уқалап  емдеу (массаж) әдісімен бұрыннан бері айналысушы едім.  Міне, осы бір уақиғадан кейін  ем   алуға келген  адамның қай жері ауырып, не мазалап  жүргені, қандай мәселемен келіп тұрғанын белгісіз бір түйсік арқылы іштей сезіп тұратын болдым. Ес білген кішкене күндерімнен бастап қазіргі күндерім де дәл  кинодағы кадрлар лентасындай тізбектеліп  көз алдыма  келе қалады. Кейбір  жолы байланып, түрлі кесір-кесапатқа ұшыраған, өлім аузынан  қалған  адамдарды  бірден сезе қоямын. Емдеу барысында ондай адамдардың  өн-бойын аластап қосымша ем жасайтын болдым. Мысалы, түсініксіз тықыр, жаман түс көріп шошыну, кей үйлерде  береке кетіп  ұрыс-керістің белең алуы немесе  жас өлім болған жағдайда  үйді, адамды  қамшымен, тәспімен аластаған дұрыс. Өстіп  алғашқыда  өзімді өң  мен  түстің арасында жүргендей күй  кешетін едім.

Ал, дуланған адам келсе өз-өзімнен тынышсызданып, арқа-басым құрысып, дем жетпей  қысылып қатты қиналамын. Ойлап  қарасам бұрындары  бұндай нәрсеге онша  мән де  бермей, көп сене бермейтін едім. Көз көріп, көңіл сенді, қара дуаның бар екендігіне. Біртіндеп науқастың  ауру  жерлерін тап басып, диагнозын  да қоятын деңгейге жеттім-деп, сөзін бір түйіндеп алып, әрмен қарай  жалғастырды.

«Содан  уақыт өте келе  осынау емшілік  жолға біржола  бет бұрғанымды  өзім де  білмей қалдым. Алдыма дертіне дауа іздеп келген  науқастардың  көңіліне үміт отын жағып, өмірге деген құлшынысын арттыу үшін әртүрлі  сырқаттарды емдеудің бір емес, бірнеше тәсілін меңгердім. Мәселен, атап айтсам:

--- Ауру бойындағы  зиянды энергияны  дұға оқып қайтарумен қатар, аластап тазалаймын, уқалап емдеумен (массаж) қатар алақанның биотогымен, отпен  емдеп ғана  қоймай, қазақтың дәстүрлі емі үзбені (қима) де меңгергенмін.   Тағы бір түндерде  ақ сақалды ата  аян беріп қандай нүктеге банкіні қалай қойып, қалай қан алу керектігін  үйреткендей елес берді, дәл сол түсімдегі  аянда  көрсеткендей  етіп қазіргі  күндері хиджама жасап, ине  де саламын.

Және  де қан қысымы, гемоглобиннің төмендеуі, шыжыңдық, тіл-көз тиюге ұшырағандарды мен бассүйектегі қан қысым, аяқ-қолдың қақсауы  тағы басқа да түрлі дерттерден  де  көптеген науқастарды емдеп жазып қатарға қосып, сауабымен  қатар  алғысын  да  алдым-дейді,  ақ  халатты абзал жанның бірі емес бірегейі  – аталмыш  Айжан емші.

Мінекей, ағайын ойламаған жерден ауруыма шипа іздеп барып, сырқатымнан құлан таза айыққан мен де Айжан емшінің  бойындағы  тылсым күші мен өз ісінің біліктілігіне, кішіпейілділігіне тәнті болдым.

Аурудың азабын тартып, дертіне шипа іздеуші жүздеген үлкен-кішінің  шынайы  жүрекжарды алғысына бөленіп, құрметіне ие болған сіздердей «Халық емшілерінің» болғанына Тәңірге тәубе айтамыз.

Мың алғыс, сіздерге – Фатима  әпкей, Айжан емші-деп, көңіл көкжиегінде зор ризашылықтан  туындаған қысқаша әңгімемді осымен аяқтаймын, құрметті оқырман!

ПЫ: СЫ:

Сөз соңында Мөлдір құдағиға, кіші құда бала Қуандық пен жұбайы Әселге, сол Астанада тұратын журналист інім- Қанат Мәметқазыға да көрсеткен құрметтерің мен сыйларыңа, қолдауларыңа ақ жүрегіммен  зор ризашылығымды білдіремін! Сіздерге, өмірдегі бар жақсылықты тілеймін!

 

Қали Ибрайымжанов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар