Күні кеше Қазақстанда Alem Crypto Fund криптоқоры өз жұмысын бастады. Қор Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бастамасымен құрылып, Qazaqstan Venture Group басқаруына берілді және Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) экожүйесінде тіркелді. Мұны Мемлекет басшысы тапсырған мемлекеттік криптоқор ретінде қабылдаған кейбір сарапшы бұл ретте күдік пен күмәнге жол беріп, тосылып қалғандарын да жазған едік. Сөйтсек, біз сөз еткен криптоқор мемлекеттік болмай шығып, бұл арада шатасу орын алғаны белгілі болды. Бұл туралы бүгінгі Ұлттық Банктің мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазақстан Ұлттық Банкі "Астана" халықаралық қаржы орталығының базасында криптоқор құруға қатысты көптеп түсіп жатқан сауалдарға байланысты мынаны хабарлайды:
"БАҚ-та аталған Alem Crypto Fund криптоқоры ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құрылғанымен, мемлекеттік қорға жатпайды. Мұндай криптоқорлар нарықтық юрисдикцияда, соның ішінде "Астана" халықаралық қаржы орталығы алаңында құрылуы мүмкін, алайда оларға мемлекеттік резервтерді басқаруға құқық берілмейді".
Ұлттық Банк стратегиялық крипторезервті жинақтау үшін Мемлекеттік цифрлық активтер қорын (МЦАҚ) құру бойынша кезең-кезеңімен атқарылатын жұмыстарды жүргізіп жатқанын нақтылайды.
"Қазір МЦАҚ Концепциясы әзірленіп қойды, ол қордың негізгі мақсаты мен міндеттерін және оны құру мен басқару тетіктерін айқындайды. Сонымен қатар операциялық және техникалық инфрақұрылым құру жұмыстары қатар жүріп жатыр. Қорды "Қазақстан Ұлттық Банкінің Ұлттық инвестициялық корпорациясы" АҚ басқарады. Бұл ұйымның балама инвестиция құралдарын басқару саласында өзіндік тәжірибесі бар. Дайындық жұмыстары 2025 соңына дейін аяқталып, мемлекеттік цифрлық активтер қоры 2026 жылдың басында іске қосылады деп жоспарланып отыр", делінген Ұлттық Банк түсініктемесінде.
Бұған дейін жаңадан құрылған алғашқы цифрлық валюта қорына қатысты экономист Эльдар Шамсутдинов пен Руслан Сұлтановтың пікірін жариялаған болатынбыз.