Қазақстанда алғашқы цифрлық валюта қоры іске қосылды. Мамандар неге тосылып қалды?

Кәмшат Тілеухан 30 қыр. 2025 10:02

Күні кеше Қазақстанда Alem Crypto Fund криптоқоры өз жұмысын бастады. Қор Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің бастамасымен құрылып, Qazaqstan Venture Group басқаруына берілді және Астана халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) экожүйесінде тіркелді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қордың басты мақсаты - цифрлық активтерге ұзақ мерзімді инвестиция салып, қаржы резервін қалыптастыру. Құзырлы ведомство болашақта Alem Crypto Fund мемлекеттік жинақтарды басқаруға арналған құралға айналып, еліміздің қаржылық болашағын тиімді басқару мүмкіндігін кеңейте алатынын айтады.

"Alem Crypto Fund қорының құрылуы - Қазақстандағы цифрлық қаржы саласын дамыту жолындағы маңызды қадам. Біздің мақсатымыз - оны ірі инвесторлар үшін сенімді құралға және мемлекеттік цифрлық резервтердің негізіне айналдыру", - дейді премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Қордың стратегиялық серіктесі - әлемдегі цифрлық актив экожүйесі саласындағы ірі ойыншы Binance Kazakhstan. Дәл осы Binance Kazakhstan-мен серіктестікте Alem Crypto Fund өзінің алғашқы инвестициясын жүзеге асырып, ең тұрақты әрі ықпалды цифрлық активтердің бірі - BNB токенін сатып алды. BNB - бұл BNB Chain желісінің негізгі токені. Ол транзакция жүргізу, комиссия төлеу және желіні басқаруға қатысу үшін қолданылады. Бүгінде BNB-дің нарықтық капитализациясы 138 миллиард АҚШ долларынан асады.  

Дегенмен аталған қорға қатысты мамандарда сұрақ бар, яғни олар бұл арадан айқын қауіп-қатерді көріп отыр. Қандай дейсіздер ме? Мәселен, экономист Эльдар Шамсутдинов қордың стратегиялық әріптесі  Binance Kazakhstan екеніне және алғашқы инвестициялық қордың BNB токенін сатып алуына баса назар аударады.

"Қорды мемлекеттік деп жатыр ғой, бірақ құқықтық тұрғыдан алғанда, тіпті ресми қолдауға ие болса да ол - жекеменшік құрылым. Алғаш болып сатып алған BNB токені де сұрақ тудырады. Өйткені ол BTC немесе ETH сияқты әмбебап резервтік актив емес, керісінше Binance-тың тұрақтылығы мен оның реттелетін тәуекелдеріне байланған токен. Сонда деймін де, мемлекеттік резерв деп айтып жатқандарының арғы жағынан, бір жекеменшік жобаға тігілген бәсті ғана көруге болады. Ал мұндай қадам нақты бір корпорацияға тәуелділікті арттырып, тәуекелдерді бір жерге шоғырландырады", - дейді ол.

Ал экономист Руслан Сұлтанов бұл Қазақстан үшін сынақ кезеңі екенін ескеру керектігін айтады.

"Әрине, мұндай қадам (жекеменшік токенді сатып алу) диверсификацияланған стратегиядан гөрі, бір корпорация жетістігіне тігілген бәс секілді көрінеді. Алайда Қазақстан бұл бағытта әр нәрсені байқастап көруде: ақырында жаңа қаржылық инфрақұрылымға жол ашады, не ұлттық резервтер жалғыз жекеменшік токеннің айналасында бой түзей алмайтынына көз жеткізеді", - дейді маман.

Бұған дейін теңгеге байланған алғашқы стейблкоин айналымға енгізілгенін жазғанбыз. Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа құрал криптовалюталарды ақшаға алмастыруды ыңғайлы етіп, арнайы карталар арқылы сауда жасауға мүмкіндік береді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар