Ұлттық валютаға байланған алғашқы стейблкоин айналымға енгізілді. Ресми шара Ұлттық Банкте өтті. Орталық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, жаңа құрал криптовалюталарды ақшаға алмастыруды ыңғайлы етіп, арнайы карталар арқылы сауда жасауға мүмкіндік береді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, ұлттық валютаға байланған алғашқы стейблкоинның пайда болуы қаржылық қолжетімділікті арттырады және отандық цифрлық активтер нарығының дамуын ынталандырады.
"Стейблкоиндар ұлттық валюталар сияқты тұрақты активтерге байлануы арқылы криптовалюта нарығын тұрақтандыруға көмектеседі. Жоба жаңа технологияларды қолданыстағы қаржы инфрақұрылымына интеграциялауға және елдің цифрлық инновациялар саласындағы ұстанымын нығайтуға бағытталған", - деді Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов.
Стейблкоин-бағасы белгілі бір активке қатаң байланған криптовалютаның бір түрі. Ол ақша, алтын немесе басқа сенімді активтер болуы мүмкін.
Бұған дейін теңгемен қамтамасыз етілген алғашқы стейблкоин 2025 жылы 23 қыркүйекте Астанада айналымға қосылатынын, оның Ұлттық Банктің "цифрлық құмсалғышы" шеңберінде айналымға енгізілетіні хабарланған. Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін елімізде теңгемен қамтамасыз етілген үш стейблкоинды іске қосу жоспарлап отырғанын да айтқан болатын.