Теңгемен қамтамасыз етілген алғашқы стейблкоин ертең, 2025 жылы 23 қыркүйекте Астанада айналымға қосылады. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады. Ол ведомствоның "реттеуші құмсалғышы" шеңберінде іске қосылатыны да нақтыланады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жалпы, бұған дейін Ұлттық Банк басшысы Тимур Сүлейменов жыл соңына дейін елімізде теңгемен қамтамасыз етілген үш стейблкоинды іске қосу жоспарлап отырғанын айтқан болатын.
"Біздің "цифрлық құмсалғышта" теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоин бойынша үш жоба бар. Біз шілде айында іске қосылдық. Қазір біз әріптестерімізбен өте тығыз жұмыс істеудеміз және олар қыркүйектің соңына дейін теңгемен қамтамасыз етілген стейблкоинді іске қосуға уәде беріп отыр. Сонымен қатар, келесі жоба қараша айына жоспарланған, содан кейінгісін тағы көре жатармыз. Компания атын атай алмаймын, олар өздері бұл туралы ақпарат тарататын болады. Бірақ біз аталған жайтты міндетті түрде насихаттайтын боламыз. Бұл Ұлттық Банктің реттеуші құмсалғышында болады", - деген еді Astana Finance Days форумының аясында Ұлттық Банктің төрағасы Тимур Сүлейменов.
Ведомство басшысы стейблкоин төлем құралы болатынын және нақты әлемнің цифрлық жүйемен өзара әрекетін жеңілдететінін де жеткізген.
"Біз, бір жағынан, дәстүрлі классикалық реттеушіміз, бірақ артқа шегінуге жол жоқ екенін жақсы түсінеміз. Біз тек алға, болашаққа қарауымыз керек және технология сол үшін де туындаған. Біз уақытпен бірге жүруіміз керек, көптеген шалыс кететін тұстар бар, сондықтан бізге дер кезінде дәнекті қауызынан ажыратып отыру керек болады. Сонымен қатар, егер біз дәстүрлі IPO мен бағалы қағаздарды алып қарастыратын болсақ, мұны да жасай аламыз, бірақ бұл процесті жеңілдету үшін жұмыс істеу керек. Мысалы, егер сізде ЖШС болса, оны жария жүргізіңіз немесе токен жолына түсіңіз. Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай дейсіздер ме? Бұл туралы ойлану керек. Менің ойымша, біз бұл сұрақтарға алда жауап беретін боламыз", - деп LS Сүлейменовтің сөзін келтіреді.
Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркте жұмыс сапарымен жүргені белгілі. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысып, бірқатар мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың басшыларымен келіссөз жүргізеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке жұмыс сапары аясында Goldman Sachs Global Institute компаниясының жаһандық мәселелер бойынша президенті Джаред Коэнмен кездесіп, Қазақстан жасанды интеллект, қаржы экожүйесін цифрландыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытатынын айтты.