Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті зор

Dalanews 29 там. 2024 15:34 4078

Мемлекет басшысы былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Ауылшаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор екенін, қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырғанымызды айтқан еді.

Президент Жолдауында «Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет» деген-ді.

Әрине ауылшаруашылық саласының орны бөлек. Президент жыл сайынғы Жолдауында бұл саланы назардан тыс қалдырмай, Үкіметке тапсырмалар береді. Бұған дейін де ұлттық жобалар болды. Солардың ішінде  ауылшаруашылық саласын дамыту туралы нақты бағдарламалар жасалды.  Ұлттық жобаны Үкімет қаулысымен дайындап, талқылап, бекітіп жатқан кезде «дұрыс орындалмайды, өзінің нәтижесін бермейді» деген пікір айтқан едім.

Неге десеңіз, дұрыс жоспар болған жоқ. Өйткені нақты жобаларға нақты қаражат, ресурстар бөліп, бизнесті тартып, солармен бірге істелген жұмыс жоқ. Өкінішке қарай, шекараны ашу, экспортты жабу, пост қою, тыйым салу сияқты жұмыстармен ғана айналысты. Бұл туралы кезінде хат та жаздым, талай рет айттым, бірақ ешкім тыңдамады.

Бүкіл жобаның ішінде жайлы мектеп, қолжетімді интернет сияқты жобалары қалды. Қалған мемлекеттік бағдарламаларды, ұлттық жобаларды жойды. Сонда тек концепция қалды. Оны ашып қарасақ,  әр саланың өз жүйесі  бар. Сондай жүйеде  жол картасы болуы керек деген тапсырма қойылған, жоспарға да енгізілді. Бірақ оны нақты ашып қарасаңыз, декларативті жасалған дүние.

Мысалы, былтыр Президент елде қант жетіспеушілігі туралы айтып, нақты тапсырмалар берген еді. Қазақстанға жылына 550 мың тонна қант қажет. Соның 50 мың тоннасын өзіміз елде өндіреміз деген.  Бірақ елде өндіретін қант 50 мың тоннаға да жетпейді. 2023 жылы 36 мың тонна қант өндірілген. 7 пайызын ғана өзімізде қант қызылшасынан жасаймыз. 2023 жылғы статистика бойынша, сырттан қант сатып алуымыз үшін импортқа 398 млн доллар бөлінген. Ақ қант үшін Оңтүстік Америка фермерлеріне төледік. Міне, ақша қайда кетіп жатыр. Кешенді жоспар жасалған кезде де «әріптестер мынау дұрыс емес, ол болмайтын нәрсе» деп талай айттық.  Сондықтан енді не күтеміз?

Президент «30 жылдан бері елді қантпен қамти алмауымыз ұят» деген пікір айтты. Менің ойымша, ауылшаруашылық саласын 67 салаға бөліп, әрқайсысының нақты жоспарын жасап, оған аналитикалық бағамдарын жасау керек. Сонда ғана салада тың серпіліс болып, даму қарқыны күшейеді.

Биылғы Жолдауда осы салаға нақты бағдарлар айтылып, нұсқаулар беріледі деген ойдамын. Нақты іске көшетін уақыт жетті. Біз саланы ілгерілетіп қоймай, одан нақты табыс табуды да көздеуіміз керек.

Арман Евниев,

"BIRGE" салалық кластерлерді дамыту қауымдастығының Басқарма Төрағасы


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар