Ісімен, сөзімен елге қадірлі абыз ақсақалмен кездесудің сәті түсіп, сәлем бере келген бізді жылы шыраймен қарсы алды. Амандық-саулықты сұраса келе, ұзақ жылдар бойғы еңбегінің жемісі ретінде жарыққа шыққан «Құран шарт – Сүннет салт» атты діни-танымдық кітабын толықтырып, баспаға әзірлеп жатқанын жеткізді.
Ақсақал не дейді?
«Ширек ғасыр дін саласында қызмет етіп, бар білгенімізді осы кітапқа арқау етіп жаздым. Бағасын халық берер», – деді Аллаберген ақсақал. Сонау кеңес кезінде «дін – апиын» деген қилы заманда өсіп, өнген қария, жас кезінен барша қиындықтарға қарамастан осы тура жолды ұстанды.
Алғашында өздігімен ізденіп, кейіннен үлкен дін ғұламаларынан білім алды. Бірақ сол кездегі солақай саясаттан теперіш көрсе де, алған бағытынан таймады. Сол сенім алдыға жетелеп, өткен ғасырдың 80-шы жылдардың басында шаһарымыздағы «ағаш мешітіне» қызметке тұрып, күні бүгінге дейін имамдық қызметті абыроймен атқарып келе жатқан жан иесі.
Бір жарым ғасырлық тарихы бар имандылық ордасы қылышынан қан тамған Совет өкіметі тұсында да есігі еш құлыпталмады, жабылмады.
Хақ пен халыққа қызмет етті. Көненің көзіндей болған, Семей шаһарындағы имандылық ордасында қызмет ету «мен үшін үлкен бақыт, жаратушының берген сыйы» деп білемін дейді қария.
Өмірлік ұстанымынан жаңылмаған Аллаберген қажы еліміз егемендік алып, етек жеңімізді енді жинап жатқан шақта асыл дінімізді насихаттау үшін Шар ауданына имамдық қызметке тағайындалады.
Бұл өңірде дұғасын тастамаған жандар болғанымен, жетпіс жыл сананы улаған «дін – апиын» деген қитұрқы саясаттың әсерінен имандылық үйдің бой көтермегені қатты жанына батыпты. Аталған олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті билік органдарымен ақылдаса келе, сол жерге мешіт салу ұйғарылды. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, мешіттің құрылысын ойдағыдай аяқтағаннан соң, жергілікті жамағатқа есігін айқара ашты. Бұл осындағы халық үшін Тәуелсіздіктен кейін келген тарту болды», – дейді ақсақал.
Бес парызын орындап, жаратушының қалауымен қасиетті Мекке, Мәдине шаһарына барып қажылық парызын өтеген жан иесі, исламдағы үшінші қасиетті орын саналатын Иерусалимдегі әл-Ақса мешітіне де барып зиярат етті. «Мен үшін мұсылмандардың алғашқы құбыласы болған әл-Ақса мешітінде және әзиз пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген, хақ діннің бастау алған осынау киелі өлкесінде болғанымды үлкен бақыт санаймын», – дейді қария.
Адасқандарды қалай ажыратамыз?
Елді имандылыққа шақырып, ұзақ жылдар бойы дінге абыроймен қызмет етіп келе жатқан Аллаберген Смағұлтегі «Құран шарт – Сүннет салт» атты кітабы қажырлы еңбегінің жемісі іспеттес. Кітапты парақтап отырған бізге «Бұл! Бір Аллаһтың қалауымен, Кәләм-шәрифтің қолдауымен, Құран және хадистер аясында дәлелдермен жазылған кітап ұзақ жылдар бойындағы дін жолындағы ізденіс пен жинақтаған тәжірибенің нәтижесі деп білгейсіз. Кітаптың негізгі идеясы өмірімізге дендеп кірігіп кеткен ежелгі салт-дәстүрімізбен, шынайы-шын мұсылман дінінің арасындағы қарама-қайшылықтардың ара жігін Құраннан келтірілген аяттармен ажыратып беру мақсат етілген.
Мысалы, ел ішінде ежелден сіңісті боп қалған жаңсақ ұғымның салдарынан көптеген жағдайда негізгі діни рәсімдер мен кейбір ырым-жырымдардың аражігін айыра алмай шатасып жататындар баршылық. Ақиқатын айта бастасаң: «Шариат та саясат сияқты күніне қырық құбылып тұра ма? Сонда сіздер біліп, бұрынғылардың білмегені ме? Ата-бабамыз осылай жасаған, біз де солай істейміз» деп, сөзге жеңсік бермей, сыңарезулей жөнеледі. Асылында, шариат заңы – өзгермейтін заң. Оны бұрынғы оқығандар білмеген емес, білген. Оларды да сол кезде көптің ішінен шыққан қыңырлар тыңдамай өз дегендерін жасаған. Сайтани әдет қашанда жұғысты келмей ме?! Бар болғаны осы.
Шариат заңы қашанда адамзат баласына ар тазалығы, жан тазалығы, тән тазалығы мен қоса тұрмыста жеңілдікті қалайды. Онда ысырапқоршылыққа жол жоқ. Егер де біз дінде жоқ амалдарды адам баласының ойынан қосқанымен қиындатып алып жүрсек, ол өз кінәміз.
«Дәстүрдің озығы да бар, тозығы да бар» демекші, көзі қарақты оқырман ендігі арада салт-дәстүрдің дінмен қабысатын- қабыспайтын тұстарын білгені жөн деп санаймын. Бұның бәрі келешек ұрпақтың қамы үшін жасалып жатқан дүние, қарағым», – деді бізге ағынан жарылған Аллаберген ақсақал.
Қазіргі жастар қандай?
Ақсақалдың айтуынша, өскелең ұрпақ жастарымыздың жаппай имандылыққа бет бұруы көңіл қуантады.
«Қараңыз, құлшылық үйіне келгендердің деңі өзіңнің құрдастарың. Алдыға қойған бағыттары дұрыс. Тек оң мен солын енді танып келе жатқан оларды дінге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, жат пиғылды ағымдардан ада болса, өз тілін, ділін, дәстүрін ұмытпаса деймін».
Иә не нәрсенің алдын алған жөн. «Көш жүре түзеледі» деуге келмейді мұндайда. Шынайы діннің алғышарттарына кереғар көзқараспен уланған сананың уытын қайтару ертең кеш болады. Жүре түзелетін де, түзелмейтін де көш бар.
«Құлдыраған экономиканы қайта қалпына келтіруге, саясатта кеткен ағаттықтарды түзетуге болады. Ал жастайынан санада сыналанған көзқарасты бірден сылып тастай алмайсың. Ол адамның өзімен бірге жасап, бірге кетеді. Міне, сондықтан да жастарымызға ислам дінінің асыл құндылықтарын кеңінен түсіндіріп, қоғам болып күрессек, әр адамның жүрегіне иман ұяласа, сонда ғана жат ағымдардың ісі құрдымға кетіп, елімізден ғайып болады. Жай сөз үшін емес, өмірлік тәжірибеме сүйеніп айтып отырмын, балам», – деп ойын білдірді. Қазақ мұндайда «Өткен менен кеткенді, көп жасаған қарт білер» деп тегін айтпаса керекті.
«Ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең» дейді. Расында да айтары бар, көргені бар ақсақалдың тағылымды әңгімесі рухани азық болары анық. Халықты туралыққа шақырып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, немеремен, шөберелерінің қызығына бөленіп жүрген абыз ақсақалдың ақ батасын алып, салиқалы сұхбатына ризашылығымды білдірдім.
Түс ауа босаға аттаған мен, кеш бата бір-ақ шықтым. Уақыттың қалай сырғып өтіп кеткенін де білмей қалдым. Жақсы адаммен өткізген бір күнім, мың күнге татығандай. Иә, «әрбір сөзі салмақты қария – ардақты» деген осы болар.
Әзірлеген, Есет КӨШЕБЕ