Ауыл әкімі қандай болуы керек?..

Dalanews 28 ақп. 2025 17:04 400

Мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқаныма 20 жылдан асты. Әртүрлі қызметтерде жұмыс істеп, көп нәрсені көрдім, үйрендім, жақсы тәжірибе жинадым. Бүгінгі күннің ауыл әкімдері – жан-жақты білімді, мемлекетке, халыққа қызмет ету тиіс. Олар өздерінің жүріс-тұрысымен,  сөйлеу мәнерімен, киім үлгісімен, атқарған істерімен, жасаған жақсылықтарымен, әділдігіменен, қарапайымдылығымен, тәртібімен, мәдениеттілігіменен, сөзге шешен, шыншыл, жомарт, ауылының патриоты болып қана еліне, халықтың көңілінен шығажы. Нағыз  елжанды ауыл әкімінің болымысы осындай болуы шарт.

Біріншіден, ауылдың әкімі салиқалы, өте байсалды адам болуы керек. Менің ойымша кадрлық резервте моральді-психологиялық тұрғыдан қарағанда өте салмақты, ұстамды, тәрбиелі мамандар болуы тиіс. Өйткені, ауылды басқарып отырған адам ондай болмаса халықпен жұмыс істей алмайды.

Адам баласы қандай формацияда, қай жерде болса да, жұмыс істеуі үшін ең алдымен салауатты болуы керек. Өз басым Жаңа Қазақстанда салауатты ұлт бұл – трендке айналғанын қалаймын. Осы деңгейге көтерілсек, біз демографиямызды да, экономикамызды да дамытып, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз.  

Екіншіден, ауыл әкімі қарапайым болуы шарт. Халықта: «Әкім болсаң халқыңа жақын бол!» деген сөздің астары өте тереңде жатыр. Ауыл басшысы неғұрлым қарапайым болса, соғұрлым халықтың арасында сыйлы болады. Халық ондай әкімдерді сыйлап, құрметтейді. Алғаш ауылға әкім болып тағайындалғанда ауылдың тұрғындарымен қалай таныссам екен деген ой келді. Бірден ойыма ауылды аралау түсті. Ауыл әкімдігінің бір маманын алып, ауылдың әр үйіне кіріп, сәлем беріп, таныстым. Осылайша әр көшенің, әр үйдің тұрғындарымен танысып шықтым. Қысқа ғана уақытта ауыл тұрғындарының мұң-мұқтаждарымен хабардар болдым. Осының арқасында біздің ауылдық округте кез келген мәселені ауылдың қоғамдастық мүшелерімен ақылдасып, шешім қабылдайтын дәстүр қалыптасты.

Үшіншіден, ауыл әкімдері жомарт жүректі болу керек. Ауылдағы елдің әлеуметтік мәселелеріне назар аудармаған әкім – ол әкім емес! Мәселен, көпбалалы ананың отбасында шәй-тұзы (азық-түлік)  бітіп, алуға жағдайы болмаса, әрқашан өз басым көмек беріп тұрамын. Күні кеше ғана көпбалалы отбасы жалдап отырған үйінің бір бөлмесінде 5-6 баласымен «дірдектеп», тоңып отырғанын естідім. Әлгі үйге барсақ, көктемде бұзып тастаған пеші қаланбаған екен. Ауыл азаматтарымен бірге бір күннің ішінде пешін тазалап, орнатып, қайтадан құрып бердік. Сол күні кешке жылынған үйдегі балалардың езуіндегі күлкілерін көріп, бәріміз марқайып қалдық. Балалардың анасының алғысын жаудырып, ризашылғын білдірді. Ауылда әкім болып, елдің алғысын алып жүрудің өзі бір бақыт. Халыққа ұдайы жақсылық жасап жүрген әкімдер ауыл ішінде беделді болады. Сонымен қатар жасаған жақсылыұ алдағы талай игі істерге мотвация болатынын байқадым.  Ата-балаларымыз «Қарғыс алма – алғыс ал!» деп бекер айтпаған ғой.

Төртіншіден, әкімдер мәдениетті және парасатты болуы керек. Ауыл әкімдерінің кабинетіне жеке қабылдауына көптеген азаматтар келеді. Олардың әртүрлі адамдар болады. Өз қабылдауға келген азаматтарды орнымнан тұрып, алдына шығып, амандасып, сәлем беріп қарсы аламын. Осы әрекеттің өзі келген кісілерге керемет әсер беріп, ардағы кісілік байланысты арттыратына талай рет көзім жетті. Кейде тұрмысты тауқыметіне шыдамай, ашуланып келген әйелдер кабинеттің есігін сындыра жаздап, айқайлап келгенде алдынан шығып, жылышырай танытып, сәлем беріп қарсы алсаң, мұндай кісілер сабасына түсіп, ашуын бірден тежейді. Бүгінде мінез кімде жоқ дейсіз. Бәріміз айқайға бассақ не болады? Ауыл әкімі жылы амандасып, «хош келдіңіз» ізет танытып, хал-ахуалын сұрап жатса, ондай адамдардың ашуы бірден тарқап, біраз әңгімеден кейін тығырықтан шығар жол пайда бола кететіне талай рет көзім жетті.

Бесіншіден, ауыл әкімі салмақты және тартымды мінезге ие болуы керек деп ойлаймын. Ауыл басшысы жақсы мінезді болса, беделі көтеріліп, ауылдастары алдында сыйы артады. Кейбір әріптестеріміз алдарына келген қарапайым адамды тыңдамай, дұрыс сөйлемей, зіркілдеп сөйлейтінін де білеміз. Бұл дұрыс позиция емес. «Иә, не болды? Маған не дейсің? Енді мен не істеймін?» деп дүрсе қоя берсең, әкімнің алдына келген азаматтың тауы шағылып, ренжитіні анық қой. Қысылғанда арқа сүйейтін мемлекеттік мекемеге мұңын шағуға келген адам әкімнен сөз естіп шықса не болады?  Өз басым мұндай оқиғалар ауыл әкімінің, жалпы мемлекеттік қызметкерлердің абыройын түсіріп, халық алдындағы беделін жоғалтатыны анық. Өзімің мемлекеттік қызметте жүрген табаны күректей 20 жылдың іс-тәжірибем  сүйеніп ойымды ортаға салсам, үстелді соғып, айқайлайтын заман өтті. Бүгінде халықтың көзі ашық, оларға қатты сөйлеп, мәселенің тігісін жатқыза алмайсың. Керісінше, салмақты, әдепті болсақ, мәселе тез шешеледі.  

Алтыншыдан, ауыл әкімі білімді әрі тәртіпті болуы тиіс. Еліміздің әр мемлекеттік қызметшісі, олардың ішінде әкімдері – өте білімді, іскер болмаса болмаса жұмыс алға баспайды. Өйткені ХХІ ғасыр – цифрландыру ғасыры. Біздер цифрланған әлеммен қатар жүріміз керек. Дәл осы ретте конкурстың комиссия мүшелеріне бір ұсыныс айтқым келеді. Ауыл әкімдерін кем дегенде  жылына бір рет оқуға жіберіп тұру керек.

Жетіншіден, ауыл әкімінің «қолы таза» болуы керек. Яғни, парақор болмауы шарт. Әкім парақор болса, ауылыдың тірлігі алға баспайды. Мұндай әкімдердің халық алдында көк тиындық құны болмайды. Ауыл басшысы күнделікті өмірде кездесетін түрлі оқиғалар кезінде дереу әділ шешім қабылдауға дағдылануы керек.

Сегізіншіден, ауыл әкімі өтірік айтпай, уәдесінде берік болуы керек деп есептеймін. Әріптестері мен халық алдында болсын, өтірік айту, екі сөйлеп  жақсы қасиет емес. Өтірік айтқан адамға ешкім сенбейді. Халық арасында «Қойшы, сол өтірікшіге бармаймын, көңілім қалды» деген сөзге қалмауы керек.  Әкім уәде берсе – орындау тиіс. Қазақта «Айтылған сөз – атылған оқпен тең!» деп бекер айтпаған.

Тоғызыншыдан – әкім сөзге шешен, керемет оратор болуы шарт. Әкімнің сөзінің басында да, аяғында да тыңдармандардың ойларын сөз бастаған кезде мықты дәлелмен аргументпен жеткізуі керек деп есептеймін. Сонымен қатар ауыл әкімдері заман талабына сай екі тілде де (қазақ, орыс) еркін сөйлесе құба-құп. Ал, ағылшынша білім жатсаңыңыз тіпті тамаша.

Сөз соңында айтарым, ел ертеңін ойлайтын әкімдердің көздері ашық, білімді, терең ойлайтын, адал, патриот, білікті маман, мәдениетті, тәртіпті, байсалды, оратор, жомарт жүректі, қарапайым азамат болуы шарт. Бір сөзбен айтқанда  бүгінгі күннің әкімдері «әмбебап» менеджер болып, халықтың қызметшісіне айналуы керек.

Халық ауыл басшысына не айтса да, оны дұрыс қабылдап, айтқан әңгімені ой сарабынан өткізіп, дұрыс жауап беріп, әділ шешім қабылдаудың маңызы зор. Мінезі жібектей, мәдениетті ауыл басшылары қашан халықтың көңілінен шығып, жұрттың қолдауына ие болады. Әріптестері арасында беделі үстем болы, әділетті ауыл әкімдері болашақта тек биіктен көрінетіні анық. Осындай әкімдерге қарап, айналасындағы әріптестері мен халық бой түзейтін болады.  Осындай әкімдер еліміз үшін үлгі, эталон болары анық. Мұндай әкімдердің ісін өзге мемлекеттік қызметкерлерге үлгі ретінде ұсынып, мақтап, мадақтау керек. Баспасөз бен әлеуметтік желілерде мұндай әкімдерін үнемі жариялап тұрған жөн. Мұндай қолдаулар өзгелерге мотивация болатыны сөзсіз.      

 

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында, біз ауыл әкімдері  халық арасында кері байланыс орнатып, қызмет сапасын арттырып, жағымды мінезімізбен өз үлесімізді қосуымыз керек! Елге қызмет ету – біздің бірінші  парызымызға айналуы тиіс! Еліміздің патриоты ретінде көк байрағымызды биік желбіретіп, ел үшін, жер үшін жанымызды беруге дайын болуымыз керек!

Ермек НҰРАХМЕТОВ,

Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Үлкенағаш ауылдық округінің әкімі.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар