Freedom Inside '26

"Маған бірдеңе болып қалса...": АҚШ-та жоғалған қазақстандыққа қатысты жаңа дерек шықты

"Маған бірдеңе болып қалса...": АҚШ-та жоғалған қазақстандыққа қатысты жаңа дерек шықты
kznews.kz коллажы

АҚШ-тың Иллинойс штатында 24 жастағы қазақстандық Әсет Құралбайдың жоғалып кеткені белгілі болды. Туыстары оның із-түзсіз кеткені туралы Threads әлеуметтік желісінде жазған. Олардың айтуынша, Әсет соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап телефоны сөндірулі болған, деп dalanews.kz тілшісі kznews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әсеттің әпкесі Алина Құралбай Newtimes.kz басылымына берген сұхбатында інісінің АҚШ-та төрт жылдан бері тұрғанын айтты. Ол Америкаға Work&Travel бағдарламасы арқылы барып, кейін сол жақта қалуды шешкен. Әсет Amazon компаниясында курьер болып жұмыс істеген.

Жақындарының сөзінше, соңғы уақытта жігіттің мінез-құлқында өзгеріс байқалған. Көршілері оның көпшілікпен араласа бермейтінін, кейінгі кезде тіпті тұйықтала түскенін айтқан.

"Бізге оның ешкіммен араласпайтынын айтты. Күні бойы ұйықтап, түнде ояу жүретін болған. Үй иесі: "Түнгі үш-төртте келсем, ол шатырда темекі шегіп отырады" деді", – деп жеткізді әпкесі.

Алинаның айтуынша, Әсет біртіндеп хабарламаларға жауап беруді тоқтатқан. Ал 7 маусымнан кейін оған жіберілген хабарламалар мүлде жетпей қалған. Бірнеше күн өткен соң туыстары полицияға оның жоғалғаны туралы арыз түсірген.

Кейін полицейлер Әсеттің көлігін үйінен шамамен бес минуттық жерден тапқан. Мәлімет бойынша, көлікті белгісіз бір әйел айдап апарған. Сонымен қатар оның үйінен жазба табылған.

"Жазбада: "Егер маған бірдеңе болса, құжаттарым мен заттарымды мына мекенжайға жеткізіңіздер" деп жазылған. Нью-Йоркте жеңгеміз тұрады, ол соның байланыс деректерін көрсеткен. Полиция жазбаның жаңа екенін, жанында қалам жатқанын айтты", – деді Алина.

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі дипломаттар оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады. Кейінірек министрлік АҚШ құқық қорғау органдары Қазақстан азаматы болуы мүмкін адамның денесін тапқанын мәлімдеді.

СІМ мәліметінше, қазақстандық дипломаттар АҚШ-тың құзырлы органдарымен және азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста. Жақындарына қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр.